Қазақстанда инженерлерді даярлаудың жаңа моделі енгізіледі
Қазақстанда инженерлік білім беру жүйесі жаңартылып, болашақ мамандарды өндірістік жағдайда даярлаудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Жоба аясында инженерлік жоғары оқу орындарының жанынан арнайы полигондар мен инженерлік орталықтар ашылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, жаңа модель ЮНЕСКО әзірлеген Work-Based Learning (WBL), яғни жұмыс орнында оқыту әдістемесіне негізделген. Оның аясында студенттер теориялық біліммен қатар, өндірістік ортада тәжірибе жинақтайды.
Пилоттық жобаны 50-ден астам инженерлік жоғары оқу орнында жүзеге асыру жоспарланған. Мәселен, Атырау мұнай және газ университетінің жанында Энергетика министрлігінің қолдауымен өндірістік полигон ұйымдастырылды. Онда болашақ мұнайшылар мен инженерлер екі гектар аумақта тәжірибеден өтіп, білімдерін өндірістік жағдайда шыңдайды, – деді Саясат Нұрбек.
Қазақстанда өндіріс пен ғылымды байланыстыру мақсатында индустриялық PhD бағдарламасы да іске қосылды.
Бағдарлама аясында докторанттар өндірістегі жұмыс орнын сақтай отырып, үш жыл бойы қолданбалы зерттеулермен айналыса алады. Бұл ретте академиялық талаптар жеңілдетіліп, ғылыми жарияланымдардан гөрі өндірістік үдерістерге инновациялық шешімдер енгізуге басымдық берілген. Докторанттарға шәкіртақы төлеу де қарастырылған.
Индустриялық PhD бағдарламасы алғашқы жылы 100 грантпен пилоттық режимде басталды. Өндірістік компаниялар тарапынан үлкен қызығушылық болды. Соңғы екі жылда осы форматта білім алып жатқандар саны 330 адамға жетті, – деді министр.
Жаңа модель инженерлік кадрларды даярлау процесін өндіріс қажеттіліктерімен байланыстыруға және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған.