Қазақстанда интернет сапасы жақсарады
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар интернеттің сапасын жақсартып, операторлар арасында бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беретін заңды қарап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Екатерина Смышляева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.
Оның сөзінше, бұл құжат депутаттардың бастамасымен әзірленді.
Заң жобасы аясында бірқатар түзету Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Заң жобасы үш блоктан тұрады. Бұл байланыс саласын дамыту, цифрландыруды арттыру және инновацияны қолдау, - деді депутат.
Заң жобасында не бар:
• радиожиілік спектрін қайта бөлу;
• бас жоспарларға коммуникациялық инфрақұрылымды орналастыру орындарын енгізу. Коммуникациялық қажеттіліктер үшін аумақтарды резервтеу;
• виртуалды байланыс операторларының құқықтық мәртебесін енгізу;
• желілер мен байланыс құралдарының орналасу орындарына операторлардың тең қолжетімділігін заңнамамен бекіту;
• ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілеріндегі байланыс қызметтерін субсидиялау;
• автомобиль жолдарының бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің болуын талап ету;
• геостационарлық емес байланыс спутниктерінің жұмысын реттеу;
• жергілікті атқарушы органдарға коммуникациялық инфрақұрылымды құру саласында қосымша құзыреттер беру;
• баланс ұстаушыны анықтау және кабельдік каналға техникалық аудит жүргізу;
• ұлттық заңнамаға инновацияның практикалық құқықтық режимдерін енгізу;
• салалық технологиялық құзырет орталықтарын нығайту;
• ұлттық инновациялық жүйенің «бір терезесін» құру.
Заң жобасында салалық шешімдерді цифрландырудың құқықтық шарттары да енгізілген. Мысалы, жаңа туған нәрестелерге ЖСН тағайындау және т.б.
Заң жобасы қабылданса, не өзгереді:
- Байланыс желілерінің құрылысы жеделдетіледі;
- Байланыс қызметінің сапасы жақсарады, қамту аймағы кеңейеді, абоненттер саны артады;
- Байланыс операторлары арасындағы бәсекелестік дамиды;
- Жаңа спутниктік байланыс жұмыс істей бастайды;
- Инвестициялық ахуал жақсарып, экономикадағы инновацияның үлесі артады.