"Қазақстанда интернет сапалы". Жаслан Мәдиев сынға жауап берді
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Ұлттық банкте өткен брифингте Қазақстандағы интернет сапасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, интернет сапасына берілетін баға әр адамда әртүрлі болуы мүмкін.
Мұның бәрі субъективті. Меніңше, Қазақстандағы интернет сапалы. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де дамытып, жақсартатын тұстар бар. Сондықтан қазір әрбір ауылдық елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр, – дейді Жаслан Мәдиев.
Министр осы бағытта атқарылып жатқан негізгі жұмыстарды атады.
Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары басталды. Келесі жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауылға талшықты-оптикалық желі жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мобильді байланыс операторлары 5G желісіне арналған базалық станцияларды белсенді түрде салып жатыр. Қазір 20 қалада 3 мыңға жуық 5G базалық станциясы жұмыс істеп, байланыс қамту аймағын кеңейтіп отыр, – дейді министр.