Қазақстанда инсультке шалдыққандар көп: Дәрігер қандай белгілерге мән беру керегін түсіндірді
Қазақстанда жыл сайын 50 мыңнан астам инсульт жағдайы тіркеледі. Ал әлемде бұл көрсеткіш 12 миллионнан асады. Инсульт адам өліміне, мүгедектікке және еңбекке қабілеттіліктен ұзақ уақытқа айырылуға әкелуі мүмкін. Сондықтан аурудың алғашқы белгілерін танып, науқасқа дер кезінде көмек көрсету маңызды. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инсультологы Жанна Дюсембаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, инсульт – миға қан келуінің кенеттен бұзылуы салдарынан жүйке жасушаларының зақымдануына әкелетін жағдай. Ол қан айналымы жүйесі ауруларына жатады. Қазір бұл аурулар әлемдегі өлім-жітім себептерінің арасында екінші орында тұр.
Инсульттің қандай түрлері бар?
Жанна Дюсембаеваның түсіндіруінше, инсульттің екі негізгі түрі бар.
Біріншісі – ишемиялық инсульт. Ол қан тамыры тромб немесе эмбол салдарынан бітеліп, мидың белгілі бір бөлігіне қан бармай қалғанда пайда болады.
Екіншісі – геморрагиялық инсульт. Бұл қан тамыры жарылып, миға қан құйылған кезде болады. Оның себептеріне қан қысымының жоғарылауы, аневризманың жарылуы немесе қан тамырларының дамуындағы ақаулар жатады.
Инсульттің белгілерін қалай анықтауға болады?
Маман инсультті ерте анықтау үшін FAST қағидасын есте сақтауға кеңес береді. Оның негізгі белгілері:
- Беттің асимметриясы – адамның беті кенет қисайып, бір жағы салбырап кетуі мүмкін.
- Сөйлеудің бұзылуы – адам сөздерді анық айта алмайды немесе айтылған сөзді түсінуде қиналады.
- Қол-аяқтың әлсіреуі – дененің бір жағындағы қол немесе аяқтың күші кенет төмендейді.
- Осындай белгілер байқалса, уақыт жоғалтпай, 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру қажет. Науқасты инсульт орталығына мүмкіндігінше тез жеткізу маңызды.
Алматыда инсульт орталықтары бар
Жанна Дюсембаеваның айтуынша, Алматыда инсульт алған науқастарға көмек көрсететін бес орталық жұмыс істейді. Олардың қатарында №7 қалалық клиникалық аурухана, Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы және Орталық қалалық клиникалық аурухана бар.
Маманның сөзінше, №7 қалалық клиникалық ауруханада инсультке арналған 69 төсек-орын қарастырылған. Ал Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы мен Орталық қалалық клиникалық аурухананың әрқайсысында 30 төсек-орыннан бар.
Инсульт кезінде медициналық көмектің уақтылы көрсетілуі науқастың өмірін сақтап қалуға және ауыр асқынулардың алдын алуға ықпал етеді.