Қазақстанда инклюзивті саясатты жүзеге асырудың 13 бағыты белгіленді
Олар әлеуметтік және құқықтық қорғауды күшейтуге, инклюзивті білім беруді дамытуға, еңбек нарығында тең мүмкіндіктер қалыптастыруға және қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанда 2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Құжаттың негізгі мақсаты – мүгедектікті тек медициналық немесе әлеуметтік мәселе ретінде қарастырмай, адам құқықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан жүйелі тәсіл қалыптастыру.
Тұжырымдама аясында 13 бағыт бойынша 52 іс-шара қарастырылған. Олар әлеуметтік және құқықтық қорғауды күшейтуге, инклюзивті білім беруді дамытуға, еңбек нарығында тең мүмкіндіктер қалыптастыруға және қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар медициналық және кәсіби оңалту жүйесін жетілдіру, ерте араласу қызметтерін дамыту, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау шаралары жүзеге асырылады.
Құжатта туризм саласындағы инклюзияға да мән берілген. Атап айтқанда, баршаға қолжетімді туристік бағыттарды қалыптастыру, төтенше жағдай кезінде нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және мемлекеттік интернет-ресурстарды бейімдеу көзделген.
Мүгедектігі бар адамдардың мәдени, қоғамдық және саяси өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау да тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі.
Бұл міндеттердің бір бөлігі жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылады. Азаматтар өз құқықтарын іске асыруға қатысты көмек қажет болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгіне алады.