Қазақстанда инфляция 7%-ға дейін төмендейді – болжам

Қазақстанда 2028 жылы инфляция деңгейі 5-7%-ға дейін төмендейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сенат отырысында мәлімдеді.

Айта кетерлігі, министр алдағы үш жылға арналған жаңартылған инфляция болжамын ұсынды.

Инфляция болжамы 2026 жылы 9-11%, 2027 жылы 5,5-7,5% және 2028 жылы 5-7% деңгейінде айқындалған, - деп атап өтті вице-премьер.

Сондай-ақ ведомство басшысы 2028 жылға дейінгі сыртқы сауда операцияларының болжамын ұсынды. Белгілі болғандай, елде экспорт көлемі біртіндеп артады.

Болжам бойынша экспорт 2026 жылғы $77,1 млрд-тан 2028 жылы $83,7 млрд-қа дейін, импорт – $67,7-ден $75,2 млрд-қа дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаяды деп болжанады. Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсу 2,8%, ауыл шаруашылығында – 3,9%, құрылыста – 11,0%, көлік қызметтерінде – 10,1% және саудада – 6,7%-ды құрайды, - деді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, Сенатта республикалық бюджеттің үш жылдық параметрлері қаралып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы