Қазақстанда импорттық тыңайтқыштар 18,8 пайызға қымбаттады
Сыртқы нарықтарға байланысты тыңайтқыш бағасының өзгерісі де әртүрлі. Мәселен, ТМД елдеріне экспортталатын өнімнің бағасы 12 пайызға өскен. Ал әлемнің басқа елдеріне жеткізілетін тыңайтқыштар, керісінше, 1 пайызға арзандаған.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға импортталатын минералды тыңайтқыштардың бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,8 пайызға өсті. Ал экспортқа шығарылатын өнім бағасы небәрі 1,6 пайызға қымбаттаған. Ішкі нарықтың шетелдік жеткізілімдерге тәуелділігі сақталып отырғандықтан, отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Бұл туралы BAQ.KZ energyprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша импорттық тыңайтқыштар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,8 пайызға қымбаттаған. Бағаның өсу қарқыны өткен жылмен шамалас. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 18,6 пайызды құраған.
Осылайша, импорттық өнім бағасының өсу үрдісі екінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Ал 2023 және 2024 жылдары импорттық тыңайтқыштар арзандаған болатын. Соңғы жылдардағы ең жоғары өсім 2022 жылы тіркеліп, сол кезде тыңайтқыш бағасы бірден 83,6 пайызға қымбаттаған.
Ал экспортталатын өнім бағасы әлдеқайда баяу өскен. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында шетелге жеткізілетін тыңайтқыштар 1,6 пайызға қымбаттаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 2,1 пайыз болған.
Сыртқы нарықтарға байланысты тыңайтқыш бағасының өзгерісі де әртүрлі. Мәселен, ТМД елдеріне экспортталатын өнімнің бағасы 12 пайызға өскен. Ал әлемнің басқа елдеріне жеткізілетін тыңайтқыштар, керісінше, 1 пайызға арзандаған.
Импорттық тыңайтқыштардың қымбаттауы қазақстандық шаруаларға айтарлықтай салмақ түсіреді. Әсіресе ішкі нарықтағы азотты тыңайтқыштарға деген сұранысты қамтамасыз етуде шетелдік өнімнің үлесі жоғары. Сатып алу шығындарының артуы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржылық жүктемесін көбейтеді.
Саланы қолдау мақсатында Қазақстанда минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Бұл механизм шаруаларға ауыл шаруашылығы жұмыстарына қажетті өнімдерді сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.
Қалыптасқан жағдайда Қазақстан үшін тыңайтқыш өндірісінің жалпы көлемін арттырумен қатар, импортқа тәуелділік жоғары өнім түрлерін шығаруды дамыту да маңызды болып отыр.
Отандық өндіріс қуаттарын кеңейту кезінде ішкі нарықтың нақты қажеттіліктерін ескеру қажет. Бұл өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, қазақстандық шаруалар үшін тыңайтқыштардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, импортқа тәуелділікті азайту және минералды тыңайтқыштардың қолжетімділігін арттыру аграрлық сектор шығындарын қысқарту мен оның тұрақтылығын нығайтудың маңызды шарттарына айналып отыр.