5 Қыркүйек 2026, 22:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда халықаралық әуе бағыттарының саны 161-ге жетті

Жыл соңына дейін Зайсан, Катонқарағай аудандарында және Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланған.

Қазақстанда халықаралық әуе қатынасы айтарлықтай кеңейді. Қазір елдің 32 мемлекетпен тікелей әуе байланысы бар, ал халықаралық бағыттардың саны 74-тен 161-ге дейін өсті.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтық авиация саласындағы өзгерістер аясында әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2026 жылы Арқалық әуежайын жаңғырту аяқталып, Астана, Алматы және Қостанай бағыттарындағы тұрақты рейстер қайта жанданды.

Жыл соңына дейін Зайсан, Катонқарағай аудандарында және Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар халықаралық тасымалдардың географиясы кеңейіп келеді. Жыл басынан бері Армения, Кипр, Қытай, Моңғолия, Грузия, Әзербайжан, Польша, Түркия, Өзбекстан және Ресей бағыттарында жаңа рейстер ашылды. Жыл соңына дейін Алматы – Үргеніш, Алматы – Токио, Ақтөбе – Баку, Алматы – Чунцин, Ханой – Алматы – Прага, Астана – Инин және Орал – Мәскеу бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр.

2029 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Орал және Жезқазған қалаларындағы ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, сондай-ақ ірі әуежайлардың терминалдарын жаңғырту көзделген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әуежайлары 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсетіп, 173,3 мың тонна жүк өңдеді.