Қазақстанда ғылымды қаржыландыру ережелері қайта қаралуы мүмкін
Қазақстанда ғылым саласындағы заңнама мен зерттеулерді қаржыландыру тәртібі өзгеруі мүмкін. Құрылтай депутаттары Жоғары аудиторлық палатаның тексеруінен кейін Үкіметпен және ғылыми қауымдастықпен бірлесіп тиісті ұсыныстар әзірлеуге дайын. Бұл туралы Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай мәлімдеді.
Бұл мәселе Құрылтай отырысында талқыланды. Онда Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың ғылымды дамытуға жұмсалатын шығыстар мен ғылыми зерттеулерді қаржыландыру механизмдеріне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы туралы есебі тыңдалды.
Талқылауды қорытындылай келе, Айбек Дәдебай бүгінде ғылым Қазақстанның экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігі байланысты болатын стратегиялық ресурс ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Ол жаңа Конституцияда білімге, ғылымға және инновацияға ерекше орын берілгенін еске салды.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі дәуірдің басты қозғаушы күші білім, ғылым, инновация екенін атап өтті. Бұл ел дамуының қазіргі кезеңінде өте маңызды», – деді Құрылтай төрағасы.
Оның айтуынша, аудит нәтижелерін талқылау ғылыми қызметті қаржыландыру тәсілдерін одан әрі жетілдіру қажеттілігін көрсетті.
Депутаттар ғылыми зерттеулерге жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірледі.
«Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттардың ұсыныстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Өз тарапымыздан депутаттар Үкіметпен және ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы және ғылыми-зерттеу әрі тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру механизмдерін жетілдіру мәселелерін пысықтауға дайын», – деді Айбек Дәдебай.
Әзірге сөз ұсыныстар дайындау мен одан әрі заңнамалық жұмыстар туралы болып отыр. Нақты түзетулер мен оларды қарау мерзімдері аталған жоқ.