Қазақстанда ғылым саласы қалай дамып жатыр

Елімізде жас ғалымдарды қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, география және табиғатты пайдалану факультеті, Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбековамен әңгімелескен еді.

– Ғылым саласының біздің өмірімізге тигізген әсері қандай?

Ғылым бізді қоршаған әлем туралы біліміміздің дәйекті жемісі. Ғылым қоғамның интеллектуалдық дамуы мен инновация және технологиялық серпілістермен қатар адамзаттың өмір сүру салтына тікелей әсер етуші тірегі. Мәселен, жаратылыстың қыр-сырын түсіну арқылы климаттың өзгеруі, ластанумен күресу және табиғи ресурстарды қорғауға көмектесу сынды өзекті мәселелердің мәнін ұғынуға алып келеді. Әр адамның өзін табиғаттың бір бөлігі ретінде сезініп, қоршаған орта, табиғат ана үшін саналы түрде жауапкершілік алумен ұласады. Әлем туралы білім мен оны тану жолында білім көкжиегін кеңітіп, жаңа ғылыми-қолданбалы жаңалықтарды ашуға шабыттандырады.

Қазақстанның көптеген университеттері мен ғылыми орталықтары энергетика, технология, медицина, экология және т.б. сияқты әртүрлі салаларда белсенді түрде ғылыми зерттеулер жүргізуде.

Елдің өнеркәсібі мен экономикасында қолдануға болатын ғылыми зерттеулерді дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады. Инновацияға, технологиялық дамуға және технологиялар трансфертіне ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде жас ғалымдарды қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру бағдарламалары дарынды мамандарды тартуға, олардың ғылыми салада дамуы мен мансаптық өсуін қамтамасыз етуге көмектеседі. Технопарктерді, инкубаторларды және акселераторларды қоса алғанда, инновациялық инфрақұрылымды дамыту ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға ықпал етеді және жаңа технологиялық стартаптарды құруға ынталандырады. Осылайша, Қазақстан ғылымы елдегі ғылыми зерттеулерді, инновациялық және технологиялық прогресті ынталандыру бойынша үкімет пен ғылыми қауымдастықтың кең ауқымды шараларының арқасында белсенді даму сатысында тұр.

– Елімізде ғылыми бағыттардың даму бағыты қандай?

Халықаралық ынтымақтастық яғни, Қазақстан ғалымдары халықаралық ғылыми жобалар мен алмасу бағдарламаларына белсенді түрде қатысады, бұл тәжірибе, технология және білім алмасуда оң ықпал етеді, бұл өз кезегінде елдегі ғылымның дамуына айрықша үлес қосады.

Елдің бірегей географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, бірнеше негізгі ғылыми бағыттарда дамып келеді. Ең алдымен, геология және геологиялық зерттеулер. Себебі, Қазақстан мұнай, газ, көмір, кен орындары және басқа да пайдалы қазбалар сияқты геологиялық ресурстарға бай. Геология саласындағы ғылыми зерттеулер осы ресурстарды игеруге және ұтымды пайдалануға көмектеседі.

Екіншіден, экология және қоршаған ортаны қорғау. Индустрияландырудың күшеюімен және ауыл шаруашылығының дамуымен экология саласындағы зерттеулер маңызды салаға айналуда. Ғалымдар антропогендік әрекеттердің экожүйеге әсерін зерттеп, биологиялық әртүрлілікті қорғауда және қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді барынша азайту жолдарын табуда.

Үшіншіден, география және аймақтық даму бойынша зерттеулер. География саласындағы зерттеулер Қазақстан аумағының ерекшеліктерін, оның климаттық жағдайларын, ландшафттарын, су ресурстарын және басқа географиялық аспектілерін түсінуге көмектеседі, бұл өз кезегінде аймақтардың тұрақты дамуы үшін маңызды.

– Елімізде ғылым саласына жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма?

– Елімізде ғылымның дамуын көрсететін аспектілердің бірі ретінде ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды атап өтсек болады. Бұл әртүрлі салалардағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді жеңілдетеді. Жалпы, Қазақстандағы ғылымның одан әрі дамып, жаңа ашылымдар мен жаңалықтар әкелу үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғылымға салынған инвестиция, ғалымдарға жоғары сапалы зерттеулер жүргізуге, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға және дарынды мамандарды тартуға мүмкіндік беретіндіктен жеткілікті мөлшерде бөлінуі керек.

Сонымен бірге, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне еркін қол жеткізу, әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың тәжірибе және білім алмасуы ғылымның дамуына және ғылыми жаңалықтарды жеделдетуге ықпал етеді.

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін «Ғылым күні» - ғылыми зерттеулердің маңыздылығын және оның жалпы әл-ауқатымызға қосқан үлесін атап өту мүмкіндігі. Олай болса, ғылым – өміріміздің барлық саласына әсер етіп, қоғамның ілгерілеуі мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін өміріміздің ажырамас бөлігі. Ғылым күні – адамзат игілігі үшін еңбек етіп жүрген ғалымдар мен зерттеушілерге құрмет көрсетіп, олардың еңбектері мен жетістіктері үшін алғысымызды білдіретін ерекше күн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы