Қазақстанда газдалған сусындарға салық енгізілуі мүмкін
Елімізде газдалған сусындарға салық енгізу мәселесі бұған дейін де айтылып келеді. BAQ.KZтілшісі осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады.
Ресми хатта "Халық арасында, әсіресе жасөспірімдер мен балалардың энергетикалық және тәтті сусындарды тұтынуын азайту мақсатында акциз енгізілетіні айтылды. Қашан енгізіледі? Акциз проблеманы қаншалықты шешеді?" деген сауал қойылды.
Қоғамның денсаулығына қауіп төндіріп тұрған тәтті дерттерге тосқауыл қою – бүгінде жаһандық деңгейдегі басымдыққа айналды. Осы тұрғыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қант қосылған сусындарға (ҚҚС) салық салуды балалар семіздігі мен жұқпалы емес аурулардың алдын алудағы ең пәрменді құралдың бірі ретінде жеке атап өтті.
Қазақстан да бұл бастамадан шет қалмайды. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың әл-ауқаты мен амандығын қорғауға жауапты уәкілетті орган ретінде ҚҚС-ға акциздік салық енгізу ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.
Министрлік азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкілетті орган ретінде ҚҚС-ға акциздік салық енгізу жөніндегі ұсыныстарды да қолдайды. Министрліктің сұрау салуы бойынша 2024 жылы Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдігімен консультацияда осы салықтың түрлі салаларға әсері бойынша Дүниежүзілік банктің экономикалық модельдеуі дайындалды. Модельдеу (алдын ала) келесі жылдары бір литр үшін 0,083 $ (40 теңге) ұлғайып, ҚҚС литріне 0,21 $ (100 теңге) деңгейінде акцизді енгізу осы сусындарға бағаның өсуіне және оларды тұтынудың қысқаруына әкелетінін көрсетті. ҚҚС бағасының өсуі олардың сатылымын қысқартады және халықтың денсаулығына оң әсер етеді деп күтілуде, - делінген ведомствоның жауабында.
Экономикалық модельдеу мынадай нәтижелердің болатынын болжайды:
- қантты сусындар саудасы шамамен 16 пайызға азаяды;
- ал бөтелкедегі су сату көлемі 41 пайызға төмендейді.
Яғни тәттінің азаюы – денсаулықты сақтауға апаратын жолдардың бірі. Сарапшылар бұл қадам қоғамның тағам тұтыну мәдениетін өзгертіп, болашақта семіздік, диабет, жүрек-қантамыр аурулары секілді дерттердің алдын алуға көмектеседі деп отыр.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Салық кодексінің жобасы аясында энергетикалық сусындарға акциз салу бойынша нақты түзету қабылданып үлгерді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Жаңа салық тек сауда-саттыққа ғана емес, ұлт денсаулығына әсер ететін шешуші тетікке айналуы мүмкін. Ал тәттіні тежеу – тек қазынаны толтыру амалы емес, болашақ ұрпақтың саулығына салынған инвестиция.
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті энергетикалық сусындардың 30 шақты сынамасын зерттеп, олардың кейібірінің талапқа сай келмейтінін анықтаған еді.