Бүгiн 2026, 15:25 Фото: istockphoto.com

Қазақстанда фейк ақпарат үшін жаза жеңілдеуі мүмкін

Мәдениет және ақпарат министрлігі Қылмыстық кодекстің 274-бабын ішінара декриминализациялау мүмкіндігін қарастырып жатыр

Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті жеңілдету немесе ішінара декриминализациялау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 274-бабына қатысты өзгерістер енгізу мәселесі қазір мемлекеттік органдар деңгейінде талқыланып жатыр.

Министрлік бұл бапты декриминализациялау мүмкіндігін қарастырып отыр және бұл ықтимал деп санайды, – деді ол.

Сонымен қатар вице-министр түпкілікті шешім тек бір ведомство шеңберінде емес, жалпы Үкімет деңгейінде қабылданатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта жауапкершілікті ішінара жеңілдету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар арасында консультациялар өтіп, ұсыныстар пысықталуда.

Бұл 274-бап көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті қарастырады. Талқылау қорытындысы бойынша қолданыстағы нормаларды жұмсартуға бағытталған өзгерістер ұсынылуы мүмкін.