16 Қараша 2026, 23:43 Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстанда фермерлік кәсіпорындар саны 21 мыңға жетті

Санақ қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жалпы саны 42 пайызға өсіп, 204 мыңнан 290 мыңға жеткен.

Қазақстанда аграрлық кәсіпорындар саны соңғы жылдары айтарлықтай көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижесі бойынша олардың саны 9,5 мыңнан 21 мыңға дейін жетті. Ал егіс алқаптарының жалпы көлемі 23,2 млн гектарды құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қолдауымен жүргізілген. Бұл – соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде аграрлық саланы толық қамтыған алғашқы ауқымды зерттеу.

Санақ еліміздің барлық өңірінде өтіп, шамамен 290 мың ауыл шаруашылығы құрылымы мен 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылықты қамтыды. Жалпы қамту деңгейі 97 пайызға жеткен.

Зерттеу барысында цифрлық технологиялар кеңінен қолданылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының 92 пайызы, жеке қосалқы шаруашылықтардың 19 пайызы сауалнамаға онлайн қатысқан. Қалған деректерді жинау кезінде интервьюерлер планшет арқылы санақ парақтарын толтырды.

Санақ қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жалпы саны 42 пайызға өсіп, 204 мыңнан 290 мыңға жеткен. Ал шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер саны 194 мыңнан 269 мыңға дейін артқан.

Егістік көлемі де ұлғайған. Бұрын 18,3 млн гектар болған алқаптар қазір 23,2 млн гектарды құрайды. Сонымен бірге өсірілетін дақылдардың арақатынасы өзгерген. Дәнді дақылдардың үлесі 81 пайыздан 69 пайызға дейін азайса, майлы дақылдардың үлесі 4 пайыздан 17 пайызға дейін өскен.

Мал шаруашылығында да өзгерістер бар. Егер алдыңғы санақта шартты мал басының 20 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 68 пайызға жеткен. Жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі 32 пайызды құраған.

Сондай-ақ зерттеу барысында саланың техникалық әлеуеті мен жұмыспен қамту деңгейі анықталды. Ұйымдасқан ауыл шаруашылығы секторында 707 мың адам еңбек етеді. Ал есепке алынған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының 57 пайызы 10 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді.

Санақтың толық нәтижелері Ұлттық статистика бюросының stat.gov.kz сайтындағы арнайы бөлімде жарияланған. Онда пайдаланушылар өңірлер бойынша шаруашылықтар санын, егістік көлемін, мал басын және техникалық жарақтандыру деңгейін салыстыра алады. Сонымен қатар деректерді жүктеп алып, жеке талдау жасауға мүмкіндік бар.