16 Қазан 2026, 07:12

Қазақстанда ет өндірісі бір жылда 3,7%-ға өсті

Ет өндірісі 846,5 мың тоннаға жетті.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда барлық ет түрлерінің өндірісі 846,5 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Есепті кезеңде еліміздегі мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3 трлн 226 млрд теңгеден асты. Саланың нақты көлем индексі 103,5%-ды құрады.

Ет өндірісінің негізгі түрлері бойынша да өсім байқалады. Атап айтқанда, сиыр еті өндірісі 301,6 мың тоннаға жетіп, өткен жылғы 282,3 мың тоннадан артты. Қой еті өндірісі 88,6 мың тоннадан 91,2 мың тоннаға, ал жылқы еті 115,3 мың тоннадан 119,9 мың тоннаға дейін өсті.

Құс еті өндірісі де ұлғайып, 276,1 мың тоннадан 277 мың тоннаға жетті.

Сүт пен жұмыртқа өндірісінде де оң динамика тіркелді. Тоғыз айда Қазақстанда 3,04 млн тонна сүт өндірілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 2,1%-ға көп. Ал жұмыртқа өндірісі 7,4%-ға өсіп, 3 млрд 659,8 млн данаға жетті.

Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да артқан. Ірі қара мал саны 8,78 млн басқа, қой мен ешкі 22,61 млн басқа, жылқы 4,79 млн басқа, түйе 311,5 мың басқа жетті. Құс саны 49,2 млн басты құрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттыру, кәсіпорындардың тиімділігін күшейту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.