Қазақстанда ең жоғары зейнетақы – 742 мың теңге

2024 жылғы 1 қаңтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 17,9 триллион теңге зейнетақы жинақтары жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БЖЗҚ-ның мәліметінше, 2023 жылы жинақ сомасы 3,2 трлн теңгеге немесе 21,8% ұлғайған.

Зейнетақы жинақтарының басым сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жиналып, 17,3 трлн теңгеге жетті. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы ­- 568,5 млрд теңге (2023 жылғы өсім - 27,6%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 5,3 млрд теңге болды.

2023 жылы салымшылардың шоттарына шамамен 2,2 трлн теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Ол өткен жылғы көрсеткіштен 434,6 млрд теңгеге немесе 25,2% артық.

2023 жылы БЖЗҚ салымшыларына 591,3 млрд теңге төледі. Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделу мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) ­- 284 млрд теңге болса, жасына байланысты төлемдер – 150,6 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар - 54 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 52,6 млрд теңге, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер - 39,8 млрд теңге, жерлеуге берілетін төлемдер - 7,5 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер - 2,8 млрд теңге, - деп хабарлады қор.

Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы - 32 202 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы ­- 742 692 теңге.

Былтыр БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы - 29 973 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңге болғанын еске сала кетейік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы