Бүгiн 2026, 13:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда 112 мың бос жұмыс орны бар

Еңбек нарығында білікті маман тапшы болып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенатта өткен брифингте Қазақстандағы еңбек нарығындағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның мәліметінше, қазір тек Enbek.kz платформасының өзінде 112 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Бұған басқа платформалардағы вакансиялар кірмейді.

Қазір техникалық мамандықтарға, инженерлерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарына да сұраныс бар. Өздеріңіз білесіздер, 2025 жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бұл мамандықтарға сұраныс әлі де сақталып отыр, – деді вице-министр.

Айтуынша, жұмыс табуда маманның біліктілігі үлкен рөл атқарады.

Білікті тіс дәрігерін, электрикті немесе еден төсейтін маманды табу өте қиын екенін білесіздер. Барлығы адамның кәсіби деңгейіне байланысты. Егер маман өз ісін толық меңгеріп, компанияның дамуына үлес қоса алса, оған сәйкес жалақы да төленеді, – деді ол.

Бұған дейін Қазақстанда дәрігер мен IT мамандары тапшы екені айтылған еді.