Қазақстанда электр энергиясын жинақтау жүйелері енгізілмек: Бұл нені өзгертеді?
Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытудың жаңа тетіктерін енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде электр энергиясын жинақтау жүйелерін салу, сутегі технологияларын пайдалану және жеке инвестиция тарту көзделген. Тиісті заң жобасын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Құрылтай отырысында таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнама негізінен жаңартылатын энергия көздерін қолдауға бағытталған. Ал жаңа заң жобасы энергетика саласын кешенді дамытуға арналған және төрт негізгі бағытты қамтиды.
Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, бүгінде елдің энергетикалық жүйесіне қажетті маневрлік қуат көлемі шамамен 3 ГВт-ты құрайды.
Оның 2 ГВт-қа жуығын жаңартылатын энергия көздері жобалары есебінен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал қалған 1 ГВт қуатқа инвестиция тарту үшін қосымша қолдау тетіктерін енгізу ұсынылып отыр.
Энергия жинақтау жүйелерінің жобаларын іріктеу үшін бәсекелестік аукциондар өткізу және олар өндіретін қуаттың қолжетімділігін қамтамасыз ету қызметтеріне Бірыңғай сатып алушы арқылы 15 жылға дейінгі мерзімге келісімшарт негізінде ақы төлеу ұсынылады. Бұл инвесторларға жобаларды іске асырудың болжамды әрі тұрақты жағдайларын қамтамасыз етеді, – деді министр.
Сонымен қатар энергия жинақтау жүйелері электр энергиясын сұраныс төмен кезеңдерде сатып алып, тұтыну көлемі артқан кезде қайта сата алады.
Бұл ретте мемлекет инвесторларға кіріске кепілдік бермейді және ықтимал шығындарын өтемейді.
Жаңартылатын энергия көздері инвесторларының тәуекелі азаяды
Заң жобасындағы тағы бір бағыт электр энергиясын екіжақты келісімшарттар арқылы сату тәртібіне қатысты.
Қазір жаңартылатын энергия көздері нысандары электр энергиясын тұтынушыларға тікелей сата алады. Алайда сатып алушы банкрот болған жағдайда электр энергиясын жеткізу тоқтап, қаржылық міндеттемелер орындалмай қалуы мүмкін.
Осы мәселені шешу үшін екіжақты келісімшарттар бойынша кемінде 36 ай жұмыс істеген жаңартылатын энергия көздері нысандарына электр энергиясын Бірыңғай сатып алушыға сату тетігіне көшуге рұқсат беру ұсынылып отыр.
Бұл жағдайда электр энергиясының бағасы соңғы үш жылдағы ең төменгі аукциондық бағаны ескере отырып айқындалады.
Министрдің айтуынша, бұл тетік инвестициялық тәуекелдерді азайтуға және энергетикалық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Сутегі, биогаз және қалдықтарды қайта өңдеу
Заң жобасында өнеркәсіп пен жылумен жабдықтау саласында баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалану да қарастырылған.
Атап айтқанда, жылу сорғыларын, биомассаны, биогазды, сутегіні, сондай-ақ қайталама энергетикалық ресурстар мен өндірістік процестер кезінде пайда болатын жылуды пайдалану көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, құжатта сутегі технологияларын дамытуға және қалдықтарды энергия өндіру арқылы кәдеге жаратуға қажетті құқықтық негіздер белгіленеді.
Сондай-ақ электр энергиясын жинақтау жүйелерінің операторларының құқықтық мәртебесін және олардың бірыңғай энергетикалық жүйедегі рөлін айқындау ұсынылады.
Ұсынылып отырған өзгерістер энергетиканың жекелеген түрін қолдауға бағытталмаған. Басты мақсат – экономикалық тиімділік пен тұтынушылардың мүддесін ескере отырып, баламалы энергетиканы дамытуға қажетті жағдай жасау, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Министрдің пікірінше, заң жобасының қабылдануы энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға, инвестиция тартуға және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.