Қазақстанда екінші LRT салынуы мүмкін
Қонаев қаласында қалалық мобильділіктің болашағы мен LRT құрылыс жобасы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев төрағалығымен Оңтүстік Кореяның RETD CO., LTD компаниясы делегациясымен ресми кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Алматы мен Қонаев қалаларын жалғайтын перспективалық маглев негізіндегі жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын талқылау болды.
Кездесуді ашқан Рустам Исатаев көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
Алматы облысы – инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз көлік қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық береміз. Маглев технологиясын қолданатын LRT жобасы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өз сөзінде Рустам Исатаев Оңтүстік Кореяның Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бүгінде Алматы облысында корей капиталының қатысуымен 15 кәсіпорын жұмыс істейді.
Кездесуге облыстық басқармалар мен бөлім басшылары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы, сондай-ақ "Алматы облысының өңірлік даму орталығы" ЖШС өкілдері қатысты.
Тараптар LRT жобасын жүзеге асыру өңірдің көлік жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып, технологиялық және экономикалық серпін беретіндігіне сенім білдірді. Әкім орынбасары жобаның барлық кезеңдерінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті.