Қазақстанда екінші АЭС қай өңірде салынады
Елімізде ядролық кластер құру үшін бірнеше АЭС қажет. Сол үшін тағы бір АЭС салынатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистердің сұрақтарына жауап бергенде тағы бір АЭС не үшін керегін айтты.
Мемлекет басшысы бүгін ядролық кластер құру туралы мәселені көтеріп, Үкіметке тапсырма берді00. Ядролық кластер ол мүмкіндіктерімізді максимал тұрғыда қолдану дегенді білдіреді, оның ішінде уран өнімдерін өндіру, құрастыру және ғылыми әлеует. Енді бұл әлеуетті толық іске асыру үшін бірнеше атом электр станциясының ресурстары қажет, - деді министр.
Сәтқалиев Президент тапсырмасы бойынша жұмыс істейтінін айтты.
Бүгін біз тиісті нұсқау алдық – екінші станция үшін учаскені таңдау. Бұл аймақты таңдаған кезде энергия балансының болжамын негізге аламыз, - деді Энергетика министрі Үкіметте өткен брифингте.
Ол бұл туралы ақпарат жарияланып отыратынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министржақын арада Алматы облысында бірінші атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімдерге қол қоятынын айтты. Сондай-ақ екінші және үшінші атом электр станциясы құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын екенін атады.
Сондай-ақ отырыста Мемлекет басшысы Үкіметке АЭС құрылысын тездету керегін тапсырды.