7 Қазан 2026, 10:41 Фото: gov.kz

Қазақстанда екі жаңа мемлекеттік марапат пайда болады: Награда кімге беріледі?

Қазақстанда музыка және бейнелеу өнері саласына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік деңгейде марапаттау үшін екі жаңа награда енгізу ұсынылды. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырған депутат Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізуді тапсырған болатын.

Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі, – деді Ләззат Жылқыбаева.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу көзделіп отыр.

Біріншісі – «Шәмші Қалдаяқов» медалі. Ол отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарға беріледі.
Екіншісі – «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы. Бұл атақ бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындыларымен отандық көркем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге табысталмақ.

Депутат мемлекеттік наградалар жүйесінде еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге бағытталған өзгерістер соңғы жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы енгізілді. Ал 2024 жылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады.Бұл марапаттар осы бағыттағы үздік мамандардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға және олардың қоғамдағы беделін арттыруға ықпал етті, – деді Ләззат Жылқыбаева.

Оның сөзінше, жаңа марапаттар отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде тануға және оларды ынталандыруға мүмкіндік береді.

Депутат жаңа Конституцияда төл мәдениетті қолдау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде бекітілгенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа наградалар ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосқан азаматтарды қолдаудың нақты тетіктерінің бірі болмақ.