20 Шілде 2026, 15:45 Фото: Ақорда

Қазақстанда егін жинау басталды: Алғашқы өнім өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе жоғары

Қазақстанның тоғыз өңірінде егін жинау науқаны басталды.

Алғашқы нәтижелерге сәйкес, биыл дәнді дақылдардың өнімділігі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл туралы BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі уақытта егін орағы Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысы мен Шымкент қаласында жүріп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін шаруалар 634 мың тонна астық бастырып үлгерген. Орташа өнімділік гектарына 20,6 центнерді құрап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 1,7 есе жоғары. 2025 жылдың дәл осы уақытында орташа өнімділік гектарына 12,2 центнер болған.

Бидай мен арпа өнімділігі артқан

Алдын ала мәлімет бойынша, 461,2 мың тонна бидай жиналды. Оның орташа өнімділігі гектарына 19,1 центнерді құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 13,7 центнер болған.

Арпа жинау қарқыны да жоғары. Қазірдің өзінде 157,8 мың тонна арпа бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 17 центнерге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 8,7 центнерден екі есеге жуық артты.

Шаруалар техникамен және жанармаймен толық қамтамасыз етілген

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, егін жинау науқанына қажетті техника мен материалдық ресурстар толық дайын.

Бүгінде елдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігінде:

  • 133,9 мың трактор;
  • 5,6 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені;
  • 71,4 мың сепкіш;
  • 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы бар.

Сонымен қатар мемлекет егін орағын уақытылы өткізу үшін шаруаларға 401 мың тоннаға жуық жеңілдетілген дизель отынын бөлді.

Былтыр рекордтық өнім жиналған

Еске салайық, 2025 жылы Қазақстанда егін жинау науқаны рекордтық нәтижемен аяқталған болатын.

Өткен жылы аграршылар 25,9 млн тонна астық жинап, 15,5 млн гектар, яғни дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген алқаптардың 96,8%-ын орып шықты.

Бұдан бөлек:

  • 2,7 млн тонна майлы дақыл;
  • 2,9 млн тонна картоп (өнімділігі – гектарына 228,5 ц);
  • 3,6 млн тонна көкөніс (өнімділігі – гектарына 305,1 ц) жиналды.

Оның ішінде 441,6 мың тонна қырыққабат, 1,03 млн тонна пияз және 379,4 мың тонна сәбіз өндірілді.

Министрлік өткен жылғы егін жинау науқаны агротехникалық талаптарға сай әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап өткен.