Қазақстанда еден жуушы, электрик, аула сыпырушының жалақысын көтеру ұсынылды
Депутаттар бюджеттік ұйымдардағы техникалық қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесін көтерді. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында еден жуушы, сантехник, электрик, аула сыпырушы сияқты жұмысшылардың еңбегін бағалау жүйесін жетілдіру қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметкерлердің жалақысы жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсіп келеді. Алайда талдау көрсеткендей, өңірлер, аудандар және тіпті бір қала ішіндегі мектептерде жалақының өсу қарқыны әртүрлі. Бұл техникалық қызметкерлер арасында түсініспеушілік туғызып отыр.
Аймақтардағы теңсіздікті жою үшін жалақыны арттырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру қажет, – деді депутат.
Депутаттық сауалда ағымдағы жөндеу жұмыстарын орындағаны үшін қосымша ақы төленбейтіні де айтылды. Ресми түрде бұл жұмыстарға бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді, алайда қарапайым жұмысшыларға қосымша міндет жүктеледі.
Бұл – еңбек заңнамасына қайшы. Егер бюджетте қаражат бар болса, техникалық персоналға жөндеу жұмыстарын атқарғаны үшін төлем берілуі тиіс, – деді Сүлейменова.
Техникалық қызметкерлердің тағы бір өзекті мәселесі – хлор қолданумен байланысты жұмыстарға қосымша ақы қарастырылмауы. Бұл сұраққа әлі нақты жауап берілген жоқ. Депутат бұл жағдайдың да шешімін талап етті.
Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, азаматтық қызметкерлердің еңбекақы жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Алайда бұл өзгерістердің техникалық қызметкерлерге қалай әсер ететіні туралы әлі толық түсінік берілген жоқ.
Ақпараттың жоқтығы жұмысшылар арасында түсініксіздік туғызады. Жалақыны көтеру механизмі ашық түсіндіріліп, бірізді жалақы жүйесі енгізілуі тиіс, – деді депутат.
Сонымен қатар депутат техникалық қызметкерлердің ауыр еңбегін ескеріп, жалақыны арттыру жүйесінде еңбек өтілі, жүктеме және жұмыс күрделілігі сияқты факторларды қамтитын бірыңғай методика қажет екенін айтты.
Сонымен бірге білім беру мекемелерінде еден жуушылардың еңбегіне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.