Қазақстанда доллар күрт құлдырады: себебі неде?
Валюта бағамының күрт құбылуы ішкі нарықта шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныстың бір мезеттік секірістерімен байланысты болуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының аналитиктері айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мамандардың сөзінше, дүйсенбіде KASE валюта нарығындағы сауда-саттықта ұлттық валютаны сатып алу басым болды. Бұл жағдай әлі де жоғары болып тұрған мұнай бағасы, кейбір қатысушылар тарапынан шетел валютасына деген сұраныстың қанағаттандырылуы және жаһандық нарықтарда тәуекелге деген сұраныстың артуымен қатар жүрді.
Дүйсенбідегі валюталық сауда-саттық қорытындысы бойынша USD/KZT валюта жұбы бойынша орташа өлшенген бағам едәуір төмендеді – бір АҚШ доллары үшін 529,59 теңгеге дейін (-3,74 теңге). Сауда көлемі ағымдағы жылдағы орташа деңгейге жақын болды – 241,5 млн доллар (-98,7 млн). Валюта бағамының жоғары құбылмалылығы ішкі нарықтағы шетел валютасына деген бір реттік сұраныс пен ұсыныстың артып кетуінен болуы мүмкін, – деді аналитиктер.
Сарапшылардың пікірінше, ұлттық валютаның қалпына келу әлеуеті әлі де сарқылған жоқ. Бұл Ұлттық қордан шетел валютасының күшейтілген сатылымы және тамыз айының екінші жартысында болатын тоқсандық салықтық кезеңмен байланысты. Дәстүрлі түрде бұл уақытта нарықта шетел валютасының ұсынысы артады.