Қазақстанда дипфейктердің жаңа толқыны таралуда

Қазақстандық ақпараттық кеңістікте дипфейктердің жаңа толқыны таралуда. Бұл жолғы жалған бейнематериалдардың нысаны – қоғамда белгілі тұлғалар, соның ішінде журналистер мен үкімет мүшелері. Қаскүнемдер олардың бейнелері мен дауыстарын жасанды интеллект арқылы бұрмалап, ел ішінде даулы және саяси мәні бар шешімдерді қолдағандай етіп көрсетуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Shyndyk.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Мысалы, әлеуметтік желілерде тараған бейнероликте белгілі оппозициялық журналист Ғазиза Райымбектің бет-әлпеті мен дауысы дәлме-дәл көшіріліп, ол Қазақстан Үкіметінің ресейлік әуе кемелерін Қазақстан аумағы арқылы ұшыру туралы шешімін қолдайтынын мәлімдейді.

Қазақстандық БАҚ-тың оппозициялық журналисі алғаш рет Үкіметтің бастамасын қолдап, ресейлік борттардың ұшуына заңды түрде рұқсат берді, – деген мазмұнда өтірік мәлімдеме жасалады.

Журналистің өзі бұл материалды жалған әрі арандатушылық сипаттағы дипфейк деп атап, көпшілікті мұндай видеоларға сенбеуге және ақпаратты тексеруге шақырды.

Егер осы видеоны жасағандарға сенсек, мен қазір халықаралық саясатқа ықпал ететін адам болыппын. Күлкілі әрі қауіпті жағдай, – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жалған бейнематериалдарда тек журналистер ғана емес, жоғары лауазымды тұлғалар да пайдаланылып отыр. Сол видеолардың бірінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ресейлік ұшақтардың Қазақстан әуе кеңістігі арқылы ұшуын "толық заңдастырғаны" жайлы пікір айтады. Алайда бұл да – шындыққа жанаспайтын, арнайы жасалған жалған видео.

Дипфейк шабуылдары тек Қазақстанда емес, аймақтағы өзге елдерде де тіркеліп отыр. Мәселен, Өзбекстанда Сенат төрағасы Танзила Нарбаеваның атынан жалған сұхбат таралған. Онда ол ресейлік әскери әрекеттерге өзбек азаматтарының қатысуын "заңды" деп бағалайды. Өзбекстан билігі бұл ақпараттың жалған екенін ресми түрде растады.

Сарапшылар дипфейктерді қазіргі заманның ең қауіпті ақпараттық және кибершабуыл құралдарының бірі деп бағалап отыр. Олардың көмегімен адамдардың беделін түсіру, саяси тұрақтылықты шайқалту, қоғамдық пікірді бұрмалау сияқты мақсаттар көзделуі мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы