Кеше 2026, 20:00 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстандағы медицинаның жаңа белесі: e-Densaulyq бірыңғай жүйесі іске қосылады

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жұмыстары күшейтілуде.

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы жөніндегі Денсаулық сақтау министрлігінің есептері тыңдалды.

Ең алдымен, Аида Балаеваға денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жұмыстары туралы баяндалды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов e-Densaulyq бірыңғай архитектурасы аясында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Негізгі мақсат – бытыраңқы цифрлық шешімдерден бас тартып, деректер бір рет қалыптастырылып, салаға қатысушы барлық тарап қайта енгізусіз пайдалана алатын бірыңғай жүйеге көшу.

Осылайша, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелер 7 негізгі цифрлық компонентке біріктірілуде. Жүйелерді кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр: жыл соңына дейін Бірыңғай денсаулық сақтау порталын және Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Бірыңғай медициналық деректер қоймасын енгізу жұмыстары жалғасуда.