24 Тамыз 2026, 12:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда дене белсенділігімен айналысатын халықтың үлесі артты

Қазақстан халқының 47,7% дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. 

12 000 үй шаруашылығы арасында жүргізілген қоғамдық пікірді іріктемелі зерттеу нәтижесі бойынша, 2026 жылы үш жастан асқан Қазақстан халқының 47,7%-ы дене шынықтырумен және спортпен айналысады.

Қазақстандықтар спортпен қалай айналысады?

Оның ішінде 19,2%-ы бос уақытында өз бетінше жаттығады, 28,1%-ы білім беру ұйымдарында өткізілетін спорттық сабақтарға қатысады, ал сауалнамаға қатысқандардың 0,4%-ы спортпен кәсіби түрде айналысады. 2025 жылмен салыстырғанда дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың үлесі 1,2 пайыздық тармаққа артып, 46,5%-дан 47,7%-ға жетті.

Қала тұрғындары арасында дене шынықтырумен және спортпен айналысу деңгейі біршама жоғары  - 49,3% (2025 жылы – 48,4%), ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 45,0%-ды құрады (2025 жылы – 43,5%). Бұл ретте қала тұрғындары бос уақытында өз бетінше жаттығуды жиі таңдайды – 22,2%, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 13,7%-ды құрайды.

Өз бетінше жаттығатындар үлесі

Өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың ең жоғары үлесі 36-48 жас аралығындағы адамдарға тиесілі (28,4%). Одан кейін 17-28 жас аралығындағы (18,6%), 58 жастағы және одан үлкен (16,6%), 29-35 жас (16,0%) және 49-57 жас аралығындағы (15,4%) топтары келеді.

Қай өңір көбірек спортпен айналысады?

Өңірлік бөліністе 17-28 жас аралығында өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың ең жоғары үлесі Маңғыстау (48,1%), Қызылорда (31,0%), Ақтөбе облыстарында және Ұлытау облысында (28,9%) байқалады.

36-48 жас аралығындағылар арасында ең жоғары көрсеткіш Павлодар (42,6%), Жамбыл (40,8%) облыстарында және Шымкент қаласында (39,2%) тіркелді. 58 жас және одан жоғары жастағылар арасында Солтүстік Қазақстан (32,7%), Қостанай (32,2%) облыстары және Алматы қаласы (30,3%) көш бастап тұр.

Жынысы бойынша өз бетінше дене жаттығулары мен спортпен айналысатындар арасында бөлініс іс жүзінде тең: 51,0%-ын ерлер, 49,0%-ын әйелдер құрайды. Ерлер арасында ең жоғары үлес 36-48 жас аралығындағы жас тобына тиесілі (14,4%), одан кейін 17-28 жас (11,3%) және 29-35 жас (9,1%) топтары келеді. Әйелдер арасында да 36-48 жас аралығындағы жас тобы көш бастап тұр (13,9%), сондай-ақ 58 жастағы және одан үлкен әйелдердің үлесі жоғары (12,3%).

Кім өз бетінше жиі жаттығады: Ер адамдар ма, әлде әйелдер ме?

Қалаларда әйелдердің 43,9% және ерлердің 34,5% өз бетінше дене белсенділігімен айналысса, ауылдық жерлерде арақатынас керісінше: ерлердің 54,6% және әйелдердің 32,7% өз бетінше айналысады.

Өз бетінше жаттығу жасау дене белсенділігінің негізгі түрі болып қала береді: ерлердің 39,7%-ы және әйелдердің 41,0%-ы ұйымдастырылған сабақтарға қатыспай, өз бетінше жаттығуды жөн көреді.

Спорт секциялары мен тренажер залдарын қоса алғанда, ұйымдастырылған спорттық сабақтарға ерлердің 8,7%-ы және әйелдердің 6,6%-ы қатысады. Тағы 2,5% ер адам және 1,5% әйел ұйымдастырылған сабақтарды өз бетінше жаттығумен қатар алып жүреді.

Өз бетінше дене белсенділігімен айналысатын ерлердің ең жоғары үлесі Жамбыл (68,5%), Түркістан (66,2%), Қызылорда (60,6%) облыстарында және Жетісу облысында (56,9%) байқалады. Әйелдер арасында ең жоғары көрсеткіштер Шымкентте (53,8%), Астанада (52,1%), Ақмола (49,7%) және Шығыс Қазақстан (46,3%) облыстарында тіркелді. Ұйымдастырылған сабақтар ерлер арасында Маңғыстау (25,3%), Ұлытау (21,9%), Қарағанды (21,7%) және Алматы (21,0%) облыстарында, ал әйелдер арасында Солтүстік Қазақстан (21,2%), Павлодар (17,5%) облыстарында, Алматыда (16,4%) және Қарағанды облысында (16,0%) кең таралған.