Қазақстанда декреттік демалысқа шығу ережесі өзгеруі мүмкін
Үкімет ерлерге бала күтіміне байланысты демалыс беру және аналарға қолдау түрін өзгерту мәселесін талқылады.
Қазақстанда ерлердің бала күтіміне байланысты демалысына қатысты өзгерістер талқыланып жатыр. Үкімет ер адамдарға берілетін мемлекеттік бала күтімі демалысын қайта қарау мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен қатар бала туғаннан кейінгі алғашқы екі жылда әйелдерге көрсетілетін қолдаудың бір бөлігін бөбекжайдағы орындармен және бала күтуші қызметтерімен алмастыру ұсынылуда.
Бұл туралы Үкіметте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте белгілі болды.
Мемлекет тарапынан ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру қаншалықты орынды екені, сондай-ақ әйелдерге бала күтімі кезеңінде екі жыл бойы көрсетілетін қолдау түрін өзгерту мүмкіндігі қаралды. Бұл ретте бөбекжайлардағы орындармен қамтамасыз ету және кіші жастағы балаларға күтушілер тапшылығын шешу мәселелері талқыланды, – делінген Үкімет хабарламасында.
Әзірге бұл ұсыныстар бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Декретке қатысты мәселе әлеуметтік көмек көрсету жүйесін кең көлемде реформалау аясында қаралып отыр. Бірінші кезеңде Үкімет 36 түрлі төлемнің 14-ін атаулы қағидатқа көшіруді жоспарлап отыр. Яғни көмек азаматтардың нақты мұқтаждығына қарай көрсетіледі. Қазір жергілікті атқарушы органдар ұсынатын әлеуметтік көмектің тағы 13 түрін төрт түрге біріктіру жоспарланған.
2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге көрсетілетін жекелеген қолдау шараларына да атаулылық қағидатын енгізу ұсынылып отыр.
Кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың деректерін тексеру кезінде жасанды интеллектіні қолдану туралы да айтып берді.
Жүйе мүгедектік белгілеуге негіз болған медициналық құжаттарды қолдан жасауға қатысты 167 жағдайды анықтады. Материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Бұдан бөлек, әртүрлі адамдардың деректері бірдей болып шыққан 18 647 жағдай анықталды, – деп жазылған ақпаратта.
Сондай-ақ 1 қазаннан бастап қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы ақпарат кезең-кезеңімен SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы жіберіле бастайды.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйелдер декреттік төлемді енді онлайн рәсімдей алатыны хабарланды.