Қазақстанда дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіледі
Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне не болмаса денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Осы енгізіліп отырған заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу механизмдері мен жолдары қаралған, нәтижесінде медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деп айтты Денсаулық сақтау министрі.
Сөзінше, заң жобасын дайындау барысында министрлік медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың әртүрлі дүниежүзіндегі үлгілеріне талдау жүргізді.
Халықаралық практикада медицина қызметкерлерін қорғау үшін қорлар мен қауымдастықтар құру арқылы, сондай-ақ жеке нарықтар арқылы кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесі қолданылады. Өзінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру міндеті медицина қызметкерлеріне немесе денсаулық сақтау ұйымдарына жүктелген, - деп түсіндірді Ажар Ғиният Мәжілістің жалпы отырысында.
Денсаулық сақтау саласы басшысының сөзінше, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың оңтайлы тетігі ретінде сақтандырудың бейімделген нарықтық моделі ұсынылып отыр.