Қазақстанда дәрігер мен IT мамандары тапшы: Қандай кадрлар сұранысқа ие?
2026 жылдың басынан бері кейбір мамандықтар бойынша кадр тапшылығы байқалады.
Қазақстанда бірқатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр тапшылығы әлі де сақталып отыр. Әсіресе денсаулық сақтау мен ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандарға қажеттілік жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елде білікті кадрларды тарту мақсатында шетелдік мамандарды жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібі қолданылады. Қазіргі таңда арнайы тізімге 50-ден астам сұранысқа ие мамандық енгізілген. Оның ішінде IT, медицина, инженерия және креативті индустрия салаларындағы жоғары білікті кадрлар бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Аталған тізімге енген мамандық иелері Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігіне ие. Бұл механизм ел экономикасы үшін маңызды салаларға қажетті мамандарды тартуға бағытталған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, 2026 жылдың басынан бері кейбір мамандықтар бойынша кадр тапшылығы байқалады.
Enbek.kz порталының мәліметінше, акушер-гинеколог мамандығы бойынша 469 бос жұмыс орны жарияланғанымен, оған небәрі 100 түйіндеме ғана тіркелген. Педиатрлар бойынша 448 вакансияға 139 түйіндеме түссе, анестезиолог-реаниматолог мамандығында 300 бос орынға 75 түйіндеме ғана келген.
Сонымен қатар онколог, неонатолог және эндокринолог секілді тар бейінді дәрігерлерге де сұраныс жоғары болып отыр.
IT саласында да кадр жетіспеушілігі байқалады. Мәселен, қолданбалы бағдарламашылар бойынша 509 вакансия жарияланған. Ал графикалық дизайнерлерге арналған 355 бос жұмыс орны тіркелген.
Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің деректеріне сәйкес, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Оның ішінде:
- бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері – шамамен 8 мың;
- акушер-гинекологтар – 4,6 мың;
- педиатрлар – 4,1 мың;
- қолданбалы бағдарламашылар – 3,5 мың еңбек шарты.
Ал шетелдік жұмыскерлермен жасалған еңбек шарттарының саны – 55. Оның басым бөлігі автоматтандыру инженерлері мамандығына тиесілі.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы Enbek.kz порталында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Бұл ретте медицина саласы дәстүрлі түрде еңбек нарығындағы ең тапшы бағыттардың бірі болып қалып отыр.
Жалпы, ресми деректер ішкі еңбек нарығы көптеген бағыт бойынша қажеттілікті қамтамасыз етіп отырғанын көрсеткенімен, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әр үшінші түлек мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні хабарланды.