Бүгiн 2026, 06:35 Фото: magnific.com

Қазақстанда дәрі өндірісіне инвестиция көлемі 142 млн долларға жетті

Қаражат өндірісті жаңғыртуға, қуаттылықты кеңейтуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жергіліктендіруге бағытталуда.

Соңғы үш жылда Қазақстандағы фармацевтикалық өндіріс саласына тартылған инвестициялар үш еседен астам өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, инвестиция көлемі 2023 жылғы 46,9 млн АҚШ долларынан 2024 жылы 91,3 млн долларға дейін артса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 142,8 млн долларға жеткен.

Министрлік өкілінің айтуынша, қаражат өндірісті жаңғыртуға, қуаттылықты кеңейтуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жергіліктендіруге бағытталуда. Бұл Қазақстан фармацевтика саласына инвесторлардың қызығушылығы артып отырғанын көрсетеді.

Сондай-ақ отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың нарықтағы үлесі біртіндеп өсіп келеді: 2023 жылы – 14,4%, 2024 жылы – 15,1%, 2025 жылы – 15%.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі отандық өнімнің нақты үлесін 39,8%-ға дейін арттырған. Ал 2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор арқылы отандық өндірушілердің сатып алудағы үлесі 32%-ға жетті.

Алқа отырысы қорытындысында дәрілік қамтамасыз ету жүйесін одан әрі дамыту және 2029 жылға дейінгі тұжырымдама аясындағы жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.