Бүгiн 2026, 13:28 Фото: pixabay.com

Қазақстанда дәрі-дәрмекке қойылған шекті бағалар біртіндеп алынады

Бағаны мемлекет емес, нарықтағы бәсеке қалыптастырады.

Қазақстанда дәрі-дәрмекке қойылған шекті бағалар біртіндеп алынып тасталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой мәлімдеді.

Айтуынша, қазір нарықты мемлекет емес, бәсеке реттейтін жағдайға көшіру алға мақсатетіп қойылған. Бірақ бұл барлық препаратқа бірдей қатысты болмайды.

Бұл препараттардың түріне байланысты. Сондықтан бұл мәселеге өте салмақты қараған жөн. Көбінесе бұл – нарықта тұрақты түрде болуы тиіс негізгі өмірлік маңызы бар дәрілер. Негізгі азық-түлік тауарларын қалай бақылауда ұстаса, мұнда да сондай тәсіл қолданылып отыр. Яғни белгілі бір баланс қажет, - деді Алексей Цой Қазақстанның фармацевтикалық саясатына арналған форумның кулуарында берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол бұрын шекті баға нарық әлі толық қалыптаспаған кезде, бағаның шарықтап кетуін тежеу үшін енгізілгенін алға тартты.

Қазір жағдай өзгерді. Елге өндірушілер мен дистрибьюторлар көбейіп келеді. Бәсеке артып, бағалар біртіндеп табиғи жолмен қалыптасатын болады, - дейді Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

Еске салайық, бұған дейін елімізде дәрі бағасының неге өзгермей тұрғаны туралы жаздық.