Қазақстанда бюджетке қосымша салық түсіретін заң қабылданады
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов таныстырды.
Ол трансферттік баға белгілеу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар дайындалғанын және олар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылғанын атап өтті.
Егер осы заңнамаға тоқтала кететін болсақ, оған 2008 жылдан бастап, яғни 15 жыл бойы өзгерістер енгізілмеген. Заңнаманы халықаралық сараршылармен және басқа да ұйымдармен бірлесіп дайындадық. Бұл заңнаманың маңызы зор. Себебі Қазақстан экспортқа көп тауар шығарады. Былтырдың қорытындысы бойынша бұл 84,4 млрд теңгені құрады. Бұл пайдалы қазбаларды сыртқа шығару кезінде әділ бағаны пайдалану және сол бағадан сәйкес салық түсіру рәсімі. Соны қадағалау шеңберінде заңнамалық өзгерістер дайындалды, - деді вице-министр.
Оның сөзінше, заңнаманың тағы бір мақсаты - капиталды сыртқа шығару әрекеттерін болдырмау.
ЭЫДҰ халықаралық талаптарына сәйкес келтіру үшін трансферттік баға белгілеу туралы Заңның тұжырымдамалық өзгерістері мыналар:
1. Нарықтық бағаны анықтау әдістерінің иерархиясын қолдануды жетілдіру;
2. Нарықтық диапазонды анықтау тетігін енгізу;
3. Өзара байланысты тараптардың анықтамасын кеңейту;
4. Тауар биржаларында жасалған мәмілелерді бақылау;
5. Үш деңгейлі есептілікке қойылатын талаптардың өзгеруі.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов заң кімдерге қатысты болатынын түсіндіріп өтті.
Бұл заң Қазақстаннан шығатын бастапқы экспорттық тауарлар нарықтық бағамен шығып жатыр ма, одан толыққанды салық түсіп жатыр ма, соны қадағалайды. Концептуалды өзгерістер енгізіліп жатыр. Заңды қабылдаған кезде бюджетке қосымша салық түседі. Мұнай, металл шығаратын ірі кәсіпорындар осы заң аясында бақыланады. Яғни шағын және орта бизнеске, жеке кәсіпкерлер бұл заң ешқандай әсерін тигізбейді. Бұл - үлкен, алпауыт, экспортқа шығаратын мекемелерге бағытталған заңнама. Нақтырақ айтқанда, заң осындай кәсіпорындардан әділ бағамен шығарған тауар бойынша нақты салықты өндіріп алу көзделіп отыр, - деп түсіндірді Қаржы вице-министрі Мәжілісте.
Оның сөзінше, экспортпен айналысатын фирмалар түрлі трейдер, делдалдар арқылы салық салынатын табысынан жалтарады. Мысалы, осы жерде өндіреді, бірақ тауарды нақты бір делдал арқылы жібереді. Біржанов бұған дейін мемлекет ондай делдардарға заң жүзінде талап қоя алмағанын айтады. Енді заңда оны қадағалайтын нормалар енгізіліп отыр.
Бұл заң жобасына экспортталатын 1 000 тауар позициясының 200-і түсіп отыр.