Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған – Президент
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз.Аз уақыт ішінде жүйелі саяси реформалар жасадық, экономиканы жаңғыртатын және қоғамдық этиканы жаңартатын ауқымды шараларды қолға алдық. Саяси өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына әлден-ақ тың серпін беріп үлгерді, - деді Президент.
Отандастарымыздың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі едәуір артты.
Биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады.Біз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатырмыз. Осылайша, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған. Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек, - деді Президент.
Ол еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет екенін айтты.
Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді. Басты миссиямыз – жасау, құру, жүзеге асыру,- деді Президент.