Бүгiн 2026, 12:44
Фото: Мәжіліс
Қазақстанда бұралқы иттерді кемінде 5 күн ұстау ұсынылды
Мәжілісте бұралқы және қараусыз жануарларға қатысты жаңа тәртіп ұсынылды
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасында ауланған жануарларды уақытша ұстау мерзімін енгізу ұсынылып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бастапқыда бұралқы жануарларды 15 күн ұстау мерзімі қарастырылған. Алайда заң жобасын талқылау барысында икемдірек әрі өмірге жақын шешім қабылданған.
Соған сәйкес, бұралқы жануарларды уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі кемінде 5 күн болып белгіленбек. Сонымен қатар, мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы беріледі.
Ал иесі болуы мүмкін қараусыз жануарлар үшін 60 күндік мерзім қарастырылып отыр.
Жаңбыршиннің айтуынша, заң жобасына қатысты қоғамда кейбір қате пікірлер де таралып жатыр.
Кейбір ортада “бұл барлық ауланған жануарларды міндетті түрде өлтіруге әкеледі” деген эмоциялық пікір айтылып жүр. Бұл – шындыққа сәйкес келмейді, – деді депутат.
Ол заң жобасы қатыгездікті емес, керісінше тәртіп, бақылау, жауапкершілік және азаматтарды қорғаудың нақты тетігін ұсынатынын атап өтті.
Депутаттың сөзінше, егер мәслихаттар ұзағырақ мерзім белгілесе, мұндай жануарлар:
•ұзақ уақыт ұсталуы мүмкін;
•жаңа иелеріне берілуі мүмкін;
•панажайларда күтілуі мүмкін;
•ал мүмкіндік болса, табиғи өліміне дейін де ұсталуы ықтимал.
Сонымен қатар, жануарларды жаңа иелеріне беру нақты талаптар сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, олар:
•сәйкестендірілуі;
•есепке қойылуы;
•вакцинациядан өтуі;
•тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы тиіс.
Жаңбыршиннің айтуынша, ұсынылып отырған түзетулердің мақсаты – жазалау емес, жауапты әрі байыпты жүйе қалыптастыру.
Яғни заң жобасы “жазалау моделін” емес, жауапты және байыпты модельді ұсынып отыр, – деді ол.
Еске салайық, соңғы бір жылда Қазақстанда 41 мыңнан астам адамды ит қапқан.
Сондай-ақ, бұған дейін қаңғыбас ит мәселесі неге шешілмей тұрғанын жазған едік.
Жаңбыршин бұралқы иттерді қайта ортаға жіберу тәжірибесінен бас тарту қажет екенін де атап өтті.