Қазақстанда буллингке қарсы «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы сәтті аяқталды

Қазақстанның 9 өңіріндегі 50 мектепте жүзеге асқан отандық «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы аяқталды. Бағдарлама мектептердегі буллингтің алдын алуға және оның деңгейін төмендетуге бағытталған, деп хбарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаға 70 мыңға жуық оқушы мен 5,5 мыңнан астам педагог қатысты. Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрды:

  • қазіргі ахуалды диагностикалау,
  • мектепішілік алдын алу жүйесін құру,
  • педагогтерді оқыту,
  • ата-аналарды тарту.

Әр мектеп өз ішіндегі жағдайға талдау жасап, оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар қатысқан буллингке қарсы іс-қимыл моделін қалыптастырды.
Апробация қорытындысы бойынша жүргізілген сауалнамалар мектеп ортасында оң өзгерістердің байқалғанын көрсетті. Атап айтқанда:

  • буллингке қатысушы агрессорлар саны 1,5%-ға,
  • өзін жәбірленуші сезінетін оқушылар саны 5,4%-ға азайған.

Сонымен қатар, сенім арта алатын ересек тәлімгері бар балалардың саны үш есе артқан.

Біз тек жанжалдардың азайғанын ғана емес, мектеп қауымдастығы ішіндегі сенім мен қолдаудың артқанын көріп отырмыз. Бұл – қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастырудың басты шарты, - деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, «ДосболLIKE» бағдарламасы барлық мектептер мен колледждерде енгізіле бастайды. Қазіргі уақытта ауқымды іске асыруға дайындық жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы