25 Қараша 2026, 09:46 Фото: istockphoto.com

Қазақстанда бопсалау көбейген: ІІМ 10 айдың статистикасын жариялады

ІІМ мәліметінше, бопсалау деректері кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарында да тіркелген. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 50 іс қозғалған.

Қазақстанда жыл басынан бері қазан айының соңына дейін полиция 440-тан астам бопсалау дерегін анықтаған. Зардап шеккендердің қатарында кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдары бар. Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мәлімдеді.

Бопсалау деректері

ІІМ бопсалауға қарсы күресті жұмыстың негізгі бағыттарының бірі деп атады. Ведомство анықталған істердің қаншасы сотқа жеткенін және олардың әрқайсысы бойынша қандай шешім қабылданғанын нақтылаған жоқ.

Азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше назар аударылады. Полиция 440-тан астам осындай деректі анықтады. Оның ішінде кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарында жасалған бопсалау фактілері бар, – деді Қуандық Алпыс.

Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы 50 іс қозғалды

10 айдың қорытындысы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 50 қылмыстық іс қозғалған. Оның бір бөлігі трансұлттық сипаттағы топтарға қатысты.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға жол бермеу шаралары қабылданып жатыр. Түрлі қылмыс бойынша криминалдық ортадағы 240-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 40-тан астам топтың қызметіне тосқауыл қойылған.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару, сондай-ақ 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркілеген.

Адам саудасына қарсы күрес

ІІМ адамды қанауға байланысты қылмыстардың алдын алу жұмысына да назар аударып отыр. «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Зардап шеккендерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілген.

ІІМ ең алдымен қылмыстың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді уақтылы жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Қоғам өмірінің барлық саласында «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметінің сөзсіз басымдығы болып қала береді, – деді Қуандық Алпыс.