Қазақстанда биылғы астықтың 2,2 млн тоннасы экспортталды

Қазақстанда бүгінде жаңа өнімнен шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Бүгінгі күннің өзінде жаңа өнімнен шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес астықты терең өңдеу бойынша 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде нарықтан қосымша 2,5 млн тонна астық тартылатын болады, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, астық сақтау сыйымдылығы республика бойынша 30,7 млн тоннаны құрайды.

Оның ішінде лицензияланған кәсіпорындарда – 13,3 млн тонна, шаруаларда – 17,4 млн тонна. Жаңа өнімнен элеваторларға 7,7 млн тонна астық тапсырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сақтауға тапсырылған жұмсақ бидайдың 53%-ы жоғары сапалы (56%), 35%-ы – төртінші сынып (28%), 12%-ы – төменгі сынып және сыныпсыз астық (16%), - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы