Қазақстанда бір жылда не қымбаттады?

Бұған дейін елімізде азық-түлік қымбаттап, инфляция 23%-ға жеткенін жазған болатынбыз. Аналитиктердің мәліметінше, қымбаттаған заттардың қатарын көш бастап тұрған – ол азық-түлік тауарлары, 25,3%-ға өскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді нақты қандай азық-түліктің немесе қандай қызметтің құны қанша пайызға дейін өскеніне шолу жасап көрейік.

Қант қымбаттады

Былтыр, яғни 2022 жылы азық-түлік тауарлары 25,3%-ға қымбаттаған. Мұнда негізгі драйвер қант болды. Бір жыл ішінде оның бағасы бірден 64,9%-ға өсті. Наурыздағы бағаның шарықтауы мен өнім тапшылығы осындай өсімге себеп болғаны бәріміздің есімізде. Кептірілген өріктің де бағасы қант сияқты шарықтап кетті. Оның да құны 64,9%-ға өсті. Жыл ішінде бағаның өсуі бойынша үшінші орында қияр - 47,9%. Азық-түлік тауарларының 13 түрі бойынша бағаның 40%-дан астам қымбаттауы байқалады. Оның үстіне оның 4-еуі әлеуметтік маңызы бар тауар, олар - ұн, пияз, мүйіз және қант. Азық-түлік емес тауарлар бір жылда 19,4%-ға қымбаттады. Мұнда жуғыш және тазалағыш заттар 47,8%-ға және жеке күтім құралдары 38,5%-ға өсті.

Олар мыналар:

• Кір сабын бағасы - 87,6%;

• Кір жуғыш ұнтақ - 41,3%;

• Ыдыс жууға арналған жуғыш заттар– 50,3%;

• Балалар сабыны – 53,1%;

• Сусабын - 41,2%;

• Дәретхана сабыны – 51,3%.

Кеңсе тауарларының бағасы да айтарлықтай өсті. Қазір олар бір жыл бұрынғыдан 70,3%-ға қымбаттады. Әсіресе тамыз айында, яғни оқу жылы басталар алдында баға 48,4%-ға өсті. Ал ол көрсеткіш 2021 жылдың тамызында – 3,9%-ға ғана өскен болатын, - дейді аналитиктер

фото: tengrinews.kz

Қандай азық-түлік өнімдері айтарлықтай қымбаттады?

Биылғы қараша айының қорытындысы бойынша азық-түлік тауарлары бір айда 1,8%, бір жылда 24,1%-ға қымбаттады.

Ай сайынғы динамика бойынша азық-түлік тауарлары бағасының ең көп айлық өсімі Ұлытау облысында байқалды: 2,4%. Одан кейін елорда мен Жамбыл облысында да айтарлықтай өсті: әр өңірде 2,2%.

Жемістер мен көкөністер бір жылда 17,4%-ға қымбаттады. Оның ішінде жаңа піскен жемістердің құны бір жылда 18,9%, көкөністер 11%-ға өсті.

Жемістер:

- банан бірден 45,8%-ға қымбаттап, келісі 867 теңгеге;

- апельсин - 26,2%-ға қымбаттап, келісі 959 теңгеге;

- алма - 11,3%-ға қымбаттап, келісі 528 теңгеге;

- лимон - 8,6%-ға қымбаттап, келісі 1,2 мың теңгеге;

- кептірілген өрік - 65,4%-ға қымбаттап, келісі 3,8 мың теңгеге жетті.

Көкөністер:

- қияр жылына бірден 30,8%-ға қымбаттап, келісі 691 теңгеге;

- пияз — 26,5% қымбаттап, келісі 116 теңгеге;

- қызанақ - 14,4% қымбаттап, келісі 678 теңгеге;

- картоп - 9,9% қымбаттап, келісі 155 теңгеге жетті. 

Ақ қырыққабат (16,5%), сәбіз (4,6%) және қызылша (1,3%) арзандады.

Қараша айында сүт өнімдерінің бағасы бір жыл ішінде 30% өсті. Оның ішінде ішетін сүт — 30,3%, сүт консервілері — 42,2%, ашытылған сүт өнімдері — 31,4% қымбаттады.

Майлылығы 2,5% пастерленген сүт орташа есеппен литрі 331 теңгеден, майлылығы 3,2%–4% литрі 417 теңгеден, қаймақ 1 кг 1,7 мың теңгеден, айран литрі 365 теңгеден, сүзбе 1,9 мың теңгеден, қатты ірімшік 4,4 мың теңгеден сатылды.

Бірінші санаттағы жұмыртқаның он данасы орташа есеппен 468 теңге тұрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 20%-ға қымбат.

Бір жылда нан 19,3%, жарма 36,8%, макарон өнімдері 42,2%, ұн 43,7% қымбаттады.

- жоғары сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының келісі 349 теңгеден;

- бірінші сұрыпты ұн 197 теңгеден;

- қара бидай нанының келісі 421 теңгеден сатылды. 

Жоғары сұрыпты бидай ұны келісіне 373 теңге, бірінші сұрып — 243 теңге, рожки — 552 теңге, вермишель — 561 теңге, кеспе — 1,1 мың теңгеден сатылды.

Дәнді дақылдардан арпа — 44,5% қымбаттап, келісі 368 теңге, қарақұмық — 38,2% қымбаттап, келісі 718 теңге, сұлы — 37,5% қымбаттап, келісі 606 теңге, жарма — 37,1% қымбаттап 450 теңге, күріш — 33,5% қымбаттап 489 теңге, тары — 25,2 пайыз қымбаттап 470 теңге болды.

фото: ababilova.com

Ұн бір жылда 45 пайыз қымбаттаған

Zakon.kz жазған ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда бір жылда ұн 45 пайыз қымбаттады.

Сарапшылар жыл басынан қазанның аяғына дейінгі аралықта ұн 41,3% қымбаттап антирекорд жасағанын айтып отыр. 2021 жылдың қазанымен салыстырғанда 44,3% өскен. Бір айда ұн 1,2% қымбаттаған.

Бұған дейін дәл мұндай антирекорд 2012 жылы болған. Ол кезде ұн бір жылда 5,6% қымбаттаған.

Жоғары сортты ұн бәрінен Астанада қымбат – 447 теңге, Ақтауда – 411 теңге, Шымкентте 406 теңге.

Ет пен ет өнімдері қымбаттады

Ranking.kz-тің мәліметінше, 2021 жылдың желтоқсан айының соңында ет өнімдері бағасы бір жылда 16,6% өсті.

Ең көп қымбаттаған өңір Маңғыстау облысы: бір жылда 22,6%. Одан кейін Павлодар (21,7% қымбаттады) және Солтүстік Қазақстан (21,5% қымбаттады) облыстары. Баға бір жылда ең аз қымбаттаған өңір Ұлытау облысы: 9,7%.

Ет пен құс еті жылдық динамикада 15,4%-ға өсті.

- шұжық өнімдері 22,2%;

- ет өнімдері 15,9%-ға қымбаттады. 

- құс еті - 29,4%;

- жылқы еті - 16,7%;

- шошқа еті - 14,3%;

- қой еті - 12,9%;

- сиыр еті - 10,1%. 

Қоғамдық жерде тамақтану қызметі

2022 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша қоғамдық тамақтану ұйымдарының қызметі бір айда 2,7% және бір жылда 23,4% қымбаттады.

Оның ішінде:

- асхана қызметі бір жылда 26,6%;

- фастфуд ұйымдары қызметі - 17,1%;

- мейрамханалар, дәмханалар және ұқсас мекемелердің қызметі 20,6% қымбаттады. 

- мейрамханадағы түскі ас бағасы 19%;

- асханадағы түскі ас 26,6% өсті.

Балаларды дамыту орталықтары

2022 жылғы қараша айының қорытындысы бойынша балаларды дамыту орталықтары қызметтерінің құны жылдық динамикада 11,3% өсті.

- Жамбыл облысында бір жылда 39,3%-ға;

- Солтүстік Қазақстан облысы - 36,4%;

- Түркістан облысы - 35,1%. 

Жанармай бағасы бір жылда 3%-ға өсті

2022 жылғы желтоқсан айының соңында жеке көліктерге арналған жанар-жағармайдың құны бір айда 0,3%, бір жылда 2,5% өсті.

Жанар-жағармай түрлері бойынша бір жылда жанармай 0,3% арзандады, соның ішінде АИ-92 маркалы жанармай 0,7% арзандаса, АИ-98 және АИ-95/АИ-96 жанармайлары тиісінше 0,7% және 1,8%. Дизельдік отын бағасы бір жылда бірден 14,2% өсті.

2022 жылдың желтоқсан айында бөлшек саудадағы бағалары:

- АИ-92 жанармайдың литрі 179 теңге;

- АИ-95/АИ-96 маркасы 212 теңге;

- АИ-98 маркасы 234 теңге. 

Жазғы дизель отынының бір литрі республика бойынша орта есеппен 238 теңге, қыста 586 теңге тұрады.

фото: tengrinews.kz

Шаштараз бен сұлулық салон қызметі

Шаштараз бен сұлулық салон қызметі бір жылда бірден 17% қымбаттады.

Биылғы қараша айында шаштараз және сұлулық салоны қызметі бір айда 1,8% қымбаттады, бұл соңғы уақыттағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Биыл шаштараз және сұлулық салоны қызметі бағасының орташа айлық өсімі 1,4%-ды құрады, ал 2011–2021 жылдар кезеңінде сектордағы қызметтердің орташа айлық өсімі небәрі 0,6%-ды көрсетті.

Атап айтқанда, бір жыл ішінде ерлердің шаш қию бағасы бірден 21,5% қымбаттаса, әйелдер шашын қию 16% қымбаттады.

Маникюр мен педикюр бір жылда сәйкесінше 18,8% және 10,5% қымбаттады, эпиляция 8,6% қымбаттады.

Неке сақиналары қымбаттады

Биыл зергерлік бұйымдардың бағасы айтарлықтай өсті. 2022 жылғы қарашада алтын неке сақиналары 2021 жылдың қарашасымен салыстырғанда 37,6%-ға қымбаттады. Бұл одан бір жыл бұрын 5%-ға ғана өскен болатын.

Ең көп қымбаттау Солтүстік Қазақстан облысында байқалды: мұнда алтын сақиналар бір жылда 71,6% қымбаттады. Одан кейінгі орында Жетісу және Алматы облыстары: тиісінше 68,3% және 66,6%. Сондай-ақ Астанада 51,5%, Шығыс Қазақстан облысында 49,9%, Алматыда 48,5% және Ақмола облысында 44,9% айтарлықтай өсім байқалды.

Баға ең аз өскен облыстар: Атырау - 3,7%, Батыс Қазақстан - 10,7% және Қызылорда - 11%.

Ұшақ билеті қымбаттады

2022 жылғы желтоқсан айының қорытындысы бойынша әуе көлігімен жолаушы тасымал қызметі құны бір жылда 16,8%-ға өсті.

Өңірлер бойынша ең көп Батыс Қазақстан облысында қымбаттады: бірден 67%. Одан кейін Абай облысында - 57,3%-ға және Қостанай облысында 43,2% қымбаттады.

ҚР-ның 20 өңірінің ішінде тек Ұлытау және Алматы облыстарында ғана баға төмендеді: тиісінше 20,8% және 3,9%.

2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында әуе компаниялары 11 млн жолаушы тасымалдады, бұл бір жыл бұрынғыдан 16,5% көп. 

Жолаушылар айналымы 20,1 млрд жкм болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 35,7% көп.

Амбулаторлық қызметтердің бағасы өсті

Energyprom.kz-тің мәліметі бойынша, жалпы ҚР-да бір жылда баға 18%-ға өсті.

2022 жылдың үшінші тоқсанында денсаулық сақтау қызметтері ақшалай түрде 636 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен бірдей дерлік.

Салыстыру үшін: бір жыл бұрын ақшалай өсім бір жылда бірден 42%-ға жеткен.

Өңірлер бойынша қызмет көрсетудің ең үлкен көлемі Алматыға тиесілі: 139,7 млрд теңге — бір жыл бұрынғыдан құндық мәнде 14,7% артық. Үздік үштікке сондай-ақ елорда (98 млрд теңге) және Қарағанды облысы (37,3 млрд теңге) кірді.

Қызмет көрсетудің ең аз көлемі жаңадан құрылған Ұлытау облысында (3,9 млрд теңге) байқалды. Одан кейінгі орында Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары.

2022 жылдың қараша айының соңында амбулаторлық қызметтері жылдық динамика бойынша 17,8% қымбаттады.

Бағаның өсуін ең көп Қарағанды облысының тұрғындары сезінді: бір жылда 30,6%. Одан кейінгі орында Маңғыстау (28,1% қымбаттаған) және Ақмола (25,8% қымбаттаған) облыстары.

Амбулаторлық-емханалық қызмет құнының ең аз жылдық өсімі Батыс Қазақстан (бір жылда 2,4%), Алматы (8,8%) және Ақтөбе (9,6%) облыстарында тіркелді.

фото: mir24.tv

Үй бағасы қалай өзгерді?

Статистика бюросының мәліметі бойынша, 2018 жылдың наурызынан бері қолданыстағы тұрғын үй нарығындағы бағалар алғаш рет арзандады. Айлық (2022 жылғы желтоқсан 2022 жылғы қарашаға қарағанда) мәнде пәтерлерді қайта сату бағасы 1,5%-ға төмендеді. Атап айтқанда, баға Астана (5,1%-ға), Шымкент (2,7%) және Ақтау (1,6%) қалаларында түскен.

Сондай-ақ желтоқсан айында абаттандырылған тұрғын үйді жалдау ақысы алдыңғы аймен салыстырғанда 1,6%-ға арзандады. Жаңа тұрғын үйді сату бағасы, керісінше, 0,4%-ға қымбаттады. 

Бір жылда (2022 жылғы желтоқсан 2021 жылғы желтоқсанға) қолданыстағы пәтерлер саудасындағы бағалар – 21,6%-ға, жаңа тұрғын үйлерді сату 15,6%-ға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру төлемі алдыңғы жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2022 жылғы желтоқсанда 45% артты. 

Өңірлер арасында жаңа үйлер жылдық мәнде Ақтөбе қаласында 29,3%-ға, Ақтауда 26,6%-ға, Семейде 22,3%-ға қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер саудасындағы баға Семей (49,6%), Ақтөбе (42,4%), Қызылорда  (39,8%), Ақтау (39,3%), Талдықорған (32,9%) және Қостанай қалаларында қатты өскен (32,4%). Ал тұрғын үйді жалға беру нарығында баға Алматы (70,5%), Қостанай (54,6%),  Қарағанды қаласы (53,1%).

Ал тұрғын үйді жалға беру нарығындағы баға мынадай.

Қыркүйек айында тұрғын үйді жалға беру ұсыныстарының бағасы жылдық мәнде 47,2%-ға өсті. Тұрғын үйдің бір шаршы метрі үшін жалдау ақысының орташа бағасы 4 612 теңгені құрады, бір ай бұрын ол 4 029 теңге мөлшерінде болған. Республикалық деңгейден баға тек Алматы қаласында жоғары – текше метрі үшін 5 611 теңге. Баспананы жалға беру бағасы, сондай-ақ Астана және Ақтау қалаларында қымбат, шаршы метріне тиісінше 4 485 тг және 3 253 тг-ден. 

Жалға берілетін тұрғын үйдің ең төменгі бағасы Қызылорда (1 797 тг/м2 ), Тараз (1 809 тт/м2) және Жезқазған (1 845 тг/м2) қалаларында тіркелген. 

Тұрғын үйді жалға алу бағасы бір айдың ішінде Қостанай қаласында айтарлықтай қымбаттады, бірден 42,6%-ға. Баға қарқынды түрде Петропавл қаласында да өсті – 27%. Баға өсімінің үштігінде Қарағанды қаласы да бар, онда қыркүйек айында тұрғын үйді жалға алу бағасы тамызбен салыстырғанда 21%-ға өсті.

Тұрғын үйді жалға алу бағасы болмашы мөлшерде Түркістан (0,6%), Талдықорған (3,5%), Шымкент (3,9%) және Қызылорда (4,3%) қалаларында өсті. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы