7 Тамыз 2026, 11:11 Фото: ©️BAQ.KZ/жасанды интеллект

Қазақстанда бір апта ішінде қияр, картоп пен қырыққабат бағасы арзандады

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері арзандаған.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бірқатар позициялар бойынша төмендеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өткен аптада көкөністер мен кейбір азық-түлік түрлері арзандаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Есепті кезеңде қияр бағасы 2,4%-ға, ақ қырыққабат 2,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ қызанақ пен картоп 1,7%-ға, сүйексіз сиыр еті 0,4%-ға, алма 0,3%-ға, қарақұмық жармасы 0,2%-ға, ал қаймақ 0,1%-ға арзандаған.

Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан, сүйекті сиыр еті, тауық еті, тартылған ет, сүзбе, айран және шай бағалары өзгеріссіз қалған.

Өңірлер бойынша алғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы деңгейі Шымкентте 0,4%-ға төмендеген. Павлодар мен Талдықорғанда баға 0,2%-ға, ал Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев және Қостанай қалаларында 0,1%-ға арзандаған.

Сонымен қатар Алматы, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Өскемен, Қарағанды, Петропавл және Тараз қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде сақталған.

Статистикаға сәйкес, республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 483 теңгені құрады. Ең арзан қияр Шымкентте сатылып жатыр - бір келісі 321 теңге.

Пияздың орташа бағасы республика бойынша 200 теңге болса, ең төмен баға Түркістанда - 138 теңге, Қызылордада - 164 теңге деңгейінде тіркелген.

Ақ қырыққабаттың орташа бағасы килограмына 191 теңгені құрады. Бұл өнім де ең арзан Түркістан қаласында сатылып жатыр - бір келісі 143 теңге.

Қызанақтың орташа бағасы республика бойынша 529 теңге болса, ең қолжетімді бағалар Таразда (310 теңге), сондай-ақ Шымкент пен Түркістанда (324 теңге) байқалған.

Ет өнімдеріне келсек, сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 778 теңгені, ал қой етінің орташа бағасы 4 493 теңгені құраған.

Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексін апта сайын есептейтінін атап өтті. Мониторинг барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда жүргізіледі.