12 Шілде 2026, 17:52 Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстанда бір апта ішінде 43 орман өрті тіркелді

Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қаупі жоғары кезеңде тұрғындарды табиғатта қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Қазақстанда 5–11 шілде аралығында мемлекеттік орман қоры аумағында 43 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

Апта бойы мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, авиациялық өрт сөндіру қызметінің десантшылары, «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның тікұшақтары мен арнайы техникасы орман және дала өрттерін сөндіру жұмыстарына жұмылдырылды.

Тіркелген өрттердің 9-ы жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман шаруашылықтарында болса, қалған 34-і мемлекеттік орман қорының аумағында болған.

Министрліктің мәліметінше, өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» жүргізген әуе патрульдеуі, орман өрттерін ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің жерүсті мониторингі барысында дер кезінде анықталған.

Жедел әрекет етудің арқасында барлық өрт қысқа мерзімде оқшауланып, толық сөндірілген.

Сонымен қатар Ақмола облысында өрт қаупі әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, өрт қаупі кезеңі басталғалы бері өңірде 32 орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68,4 пайызға көп.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орман алқаптарындағы демалыс орындарында тұрақты түрде рейдтер өткізіп келеді. Мұндай шаралар барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары мен оларды бұзған жағдайда көзделген жауапкершілік түсіндіріледі.

Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Атап айтқанда, арнайы жабдықталмаған жерлерде от жақпауға, ашық отты қараусыз қалдырмауға және толық сөндірілмеген темекі тұқылын тастамауға кеңес берілді.