Қазақстанда білім бюджеті облыстан ауданға берілуі мүмкін
Депутаттар бұл мәселені бұған дейін көтерген болатын.
Жаңа оқу жылында білім бюджеті облыстан ауданға берілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев отырыста білім саласының бюджетін облыстан аудан деңгейіне түсіру туралы мәселе көтерді.
Өздеріңіз білесіздер, біз (бұл мәселе бойынша – ред.) бірнеше депутаттық сауал да жолдадық. Мәжілістің мінберінде бұл сауалды көтердік. Себебі ауыл, аудандарға барған кезде әкімдер айтатын ең басты мәселе – бұл білім бюджетінің облыста қалып, ауданға түспеуі салдарынан мектептердің, білім ордаларының мәселесін уақытылы шеше алмау проблемасы орын алады. Бюджетті облыстан аудандық деңгейге түсіру туралы шешімді жаңа оқу жылына дейін іске асырып үлгереміз бе? - деп сұрады депутат вице-министрден.
Қаржы министрлігі бұл ұсынысқа өз тарапынан жауап берді.
Депутаттар ұсынған түзетулерді (Білім саласының бюджетін облыстық деңгейден қайта аудандық деңгейге қайтару туралы – ред.) Үкімет толығымен зерделеп, қолдады. Яғни білім саласының шығындарын облыстық бюджеттен аудандық бюджетке қайтару керек деген ұсынысты қолдап отыр. Оның ішінде тек балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шығындары мен ыстық тамақпен қамтамасыз ету шығындары облыстық деңгейде қалады, - деді вице-министр Бауыржан Омарбеков депутат сұрағына жауап бере отырып.
Айтуынша, бұл түзету жаңа оқу жылында күшіне енуі мүмкін.
Әзірге жоба толығымен аяқталған жоқ. Екінші оқылымға дейін ол түзетулерді заң жобасына енгізіп үлгереміз. Бюджет заңнамасы бұған мүмкіндік береді. Жаңа оқу жылына дейін теориялық тұрғыда үлгеруге мүмкіндік бар, - деді вице-министр.
Айта кетейік, мәслихаттар жұмысы енді тікелей эфирде көрсетіледі.