3 Қазан 2026, 19:49 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Қазақстанда білім беру саласында 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді

Педагогтер қауымының елеулі бөлігін көпжылдық тәжірибесі бар мамандар құрайды.

Бүгінде еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейінде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Бұл мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін мамандарды біріктіретін ауқымды кәсіби қауымдастық.

Қазақстан мектептерінде шамамен 420 мың педагог жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 104 мыңнан астам маман, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында шамамен 42 мың педагог еңбек етеді. Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде әйел мамандар басым.

Мектептерде 53 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Тағы 73 мыңнан астам мұғалім білім беру саласында 20-30 жыл аралығында жұмыс істеп келеді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда 5 мыңнан астам, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан асады.

Бұл көрсеткіштер еліміздің білім беру жүйесінде ұрпақтар сабақтастығы қалыптасқанын көрсетеді. Мұнда әр буынның педагогтері бірге еңбек етіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, ұстаздық дәстүрді жалғастырып келеді, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі.