Қазақстанда білім алуға ниетті моңғол жастарына есігіміз әрдайым ашық – Тоқаев
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыс қос халықтың достығын бекемдей түсуге оң ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдени-гуманитарлық байланыс қос халықтың достығын бекемдей түсуге оң ықпал етіп отыр. Біз Астана мен Улан-Батор арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыруға келістік. Білім, мәдениет және туризм салаларындағы жетістіктеріміз де аз емес. Қазақстанда білім алуға ниеті бар моңғол жастарына есігіміз әрдайым ашық. Жақында Улан-Баторда бокстан Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі дода кезінде қазақ спортшыларына қонақжайлық көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, - деді Тоқаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия президентін қарсы алды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.