Кеше 2026, 23:27 Фото: pixabay

Қазақстанда "Бекіре-2026" балық қорғау акциясы басталды

Іс-шара аясында су айдындарында браконьерлік жиі тіркелетін аумақтарда стационарлық және жылжымалы бекеттер қойылды.

1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында дәстүрлі «Бекіре» балық қорғау акциясы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Акцияның негізгі мақсаты – уылдырық шашу кезеңінде бағалы балық түрлерін, әсіресе бекіре тұқымдастарды қорғау және олардың табиғи көшуіне жағдай жасау. Осы кезеңде табиғат қорғау және құқық қорғау органдары заңсыз балық аулау мен өнім айналымының жолын кесу үшін бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Іс-шара аясында су айдындарында браконьерлік жиі тіркелетін аумақтарда стационарлық және жылжымалы бекеттер қойылды. Сондай-ақ батыс өңірлердегі тас жолдарда мобильді топтар жұмыс істейді.

Бақылау әсіресе Каспий теңізі жағалауы, Жайық және Қиғаш өзендері бойында күшейтіледі. Сонымен қатар әуежайлар, вокзалдар және ірі автожолдарда балық пен балық өнімдерін заңсыз тасымалдауға қарсы тексеріс күшейтіледі.

Акцияға үш өңірден 1143 қызметкер жұмылдырылған. Жайық-Каспий бассейнінде 226 автокөлік пен квадроцикл, 91 қайық пен шағын кеме, 6 әуе аппараты және басқа да техникалар пайдаланылады. Барлығы 39 бекет (оның ішінде 9 стационарлық және 30 жылжымалы) және 26 мобильді топ жұмыс істейді.

Айта кетейік, өткен жылғы «Бекіре-2025» акциясы барысында табиғат қорғау заңнамасының 1125 бұзушылығы анықталып, 867 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 33 қылмыстық іс тіркелген.