Қазақстанда барлық психолог тіркеуге алынатын болды
Қазақстанда практик психологтарды мемлекеттік реестрде міндетті тіркеу енгізіледі.
Мәжілісте қаралып жатқан «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы аясында психологтардың қызметін реттеуге бағытталған бірқатар жаңа нормалар ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова мәлімдеді. Оның айтуынша, қоғамның сенімін арттыру және қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық практик психологтарды мемлекеттік реестрде міндетті тіркеу енгізіледі.
Бұл қызмет нарығын жүйелеуге және тиісті біліктілігі жоқ, өзін психолог ретінде көрсететін жалған мамандардың жұмысын шектеуге мүмкіндік береді, - деді Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова.
Сонымен қатар заң жобасында азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Құжатқа сәйкес, психологтар клиент туралы алынған ақпараттың құпиялығын сақтауға және тек қызмет алушының мүддесіне сай әрекет етуге міндеттеледі.
Заң жобасы психологиялық және медициналық қызметтің аражігін нақты ажыратады. Бұл саладағы құқықтық белгісіздікті жоюға мүмкіндік береді.
Депутаттың айтуынша, құжат психология саласын дамытуға, мамандар даярлау жүйесін жетілдіруге және халықтың психологиялық көмекке қолжетімділігін арттыруға негіз болады. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері енгізіледі.
Бұл заң – шектеу емес, керісінше қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі реттелмеген жүйе қолжетімділік емес, кепілдіктің жоқтығын білдіреді, - деп атап өтті депутат.
Оның сөзінше, заң жобасы кәсіби қауымдастықтың дамуына және ұлттық реттеуді халықаралық тәжірибемен үйлестіруге де ықпал етеді.
Белгілі болғандай, Қазақстанда психологтар мен коучтардың қызметі заңмен реттелмек. Психологтар енді келісімшартпен ғана қызмет көрсетеді. Салада не өзгеретінін толығырақ мына жерден оқып біле аласыз.