Қазақстанда барлық көппәтерлі үй бірыңғай тізілімге енгізіледі
Қазақстанда тұрғын үй қорын ауқымды түгендеу басталады. Енді елдегі барлық көппәтерлі тұрғын үй туралы негізгі мәлімет бірыңғай тізілімге жинақталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, тізілімге үйдің мекенжайы, қабат саны, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың саны, ғимараттың техникалық жай-күйі, лифтілер, инженерлік желілерге қосылуы және есепке алу аспаптары туралы ақпарат енгізіледі.
Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңды іске асыру, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы, сондай-ақ күрделі жөндеу мен техникалық тексеру бағдарламаларын жоспарлау аясында жүргізіледі.
Қандай үйлер есепке алынады?
Түгендеу тек ірі тұрғын үй кешендерімен шектелмейді.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдағы анықтамаға сәйкес, құрамында екі немесе одан да көп пәтер немесе тұрғын емес үй-жайы бар жеке тұрған ғимараттардың барлығы есепке алынады.
Яғни тізілімге:
- көпқабатты тұрғын үйлер;
- ауылдық жерлердегі екі және төрт пәтерлі үйлер;
- кондоминиум нысаны тіркелмеген үйлер;
- басқару нысаны әлі анықталмаған үйлер де енгізіледі.
Үйдің қанша қабатты екені немесе онда қанша меншік иесі бар екені маңызды емес.
Әр үйдің жеке коды болады
Әрбір тұрғын үй тізілімде мекенжайдың тіркеу коды арқылы сәйкестендіріледі.
Осы кодқа ғимаратқа қатысты әртүрлі ақпарат біріктіріледі. Оның ішінде үйдің техникалық сипаттамасы, пәтерлер мен басқа үй-жайлар туралы деректер, басқару нысаны, лифтілердің жағдайы, инженерлік желілер мен есепке алу аспаптары жөніндегі мәліметтер болады.
Бұл мемлекеттік органдарға әр үй бойынша ақпаратты бірнеше дереккөзден жеке-жеке іздемей, бір жерден көруге мүмкіндік береді.
Жеке мәліметтер жиналмайды
Түгендеу барысында пәтер иелерінің жеке ақпараты есепке алынбайды.
Атап айтқанда, меншік иелерінің аты-жөні, ЖСН-ы, құқық белгілейтін құжаттары мен коммуналдық берешегі туралы мәлімет тізілімге енгізілмейді.
Тізілім тұрғындарға не береді?
Жаңа база ең алдымен тұрғын үй қорының нақты жағдайын анықтауға мүмкіндік береді.
Оның көмегімен күрделі жөндеуді қажет ететін үйлер мен ауыстыруға тиіс лифтілердің нақты тізімі жасалады.
Сонымен бірге қай үйлердің есепке алу құралдарымен қамтамасыз етілгені анықталып, өңірлердің инженерлік желілерді жаңғыртуға деген нақты қажеттілігі есептеледі.
Бұған дейін мұндай жоспарлау көбіне орташа көрсеткіштерге сүйеніп жүргізілсе, енді шешімдер нақты үйлер бойынша жинақталған мәлімет негізінде қабылданбақ.
Тізілім коммуналдық төлемдер түбіртектеріндегі есептеулердің дұрыстығын бақылауға да мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ПИК, МИБ және басқарушы компаниялардың жұмыс тәртібі мен атқарушылық құжаттарды жүргізу сапасын жақсарту көзделген.
Мәліметті кім жинайды?
Тұрғын үйлер туралы ақпаратты жинауды облыс әкімдіктері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын үй инспекциялары арқылы ұйымдастырады.
Ақпарат ұсынуға жергілікті атқарушы органдар, табиғи монополия субъектілері, мүлік иелерінің бірлестіктері, пәтер иелерінің кооперативтері және басқа да тұрғын үйді басқару субъектілері тартылады.
Арнайы хабарламалар мен ақпарат жинауға арналған нысандар МИБ-терге, тұрғындардың тікелей бірлесіп басқаруындағы үйлердің өкілдеріне, басқарушы компанияларға және коммуналдық қызмет көрсетушілерге жолданады.
Осылайша, түгендеу аяқталғаннан кейін мемлекетте елдегі көппәтерлі тұрғын үй қорының нақты жағдайын көрсететін бірыңғай база қалыптасуы тиіс.