21 Шілде 2026, 12:46 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда банктерден түсетін қоңыраулар телефон экранында арнайы белгіленеді

Телефон экранында ресми қоңырау шалған ұйымның атауы көрсетіледі.

Қазақстанда банктерден, қызмет көрсетуші компаниялардан және өзге де ұйымдардан келетін қоңырауларды міндетті түрде таңбалау жүйесі енгізіледі. Бұл жаңашылдық азаматтарға ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан оңай ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Абонент ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан ажырата алуы үшін ұялы байланыс құрылғыларында қоңырауларды таңбалау жүйесі енгізіледі. Банктерден, қызмет көрсететін компаниялардан және басқа да ұйымдардан келетін ресми қоңыраулар кезінде телефон экранында сол ұйымның атауы көрсетілетін болады, – деді Досжан Мұсалиев.

Оның айтуынша, бұл түзету байланыс желілерінің қауіпсіздігін күшейтуге және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған шаралар топтамасының бір бөлігі саналады.

Жалпы телекоммуникация саласында 90-ға жуық заңнамалық норма қабылданған. Аталған заңға Мемлекет басшысы 2026 жылғы 19 маусымда қол қойды. Заң нормалары тамыз айының соңында күшіне енеді.

Вице-министрдің айтуынша, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері үнемі жетіліп келеді. Сондықтан техникалық шешімдермен қатар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да аса маңызды.

Сондай-ақ ол банктер мен мемлекеттік органдар телефон арқылы SMS-кодтарды, құпиясөздерді немесе банк карталарының деректерін ешқашан сұрамайтынын еске салды. Азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, әртүрлі әрі күрделі құпиясөздерді пайдалану және екі факторлы аутентификацияны (2FA) қосуды ұсынды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда абонент құқығын қорғайтын жаңа цифрлық талаптар енгізілді.