Қазақстанда банктер біріксе не өзгереді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы синдикатталған кредиттеу туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Синдикатталған кредиттеу туралы айтар болсақ, біз соңғы екі жыл қатарынан заңнамаға өзгерістер енгізіп, осы бағыттың құқықтық базасын қалыптастырдық. Бұл не үшін маңызды? Себебі банктердің өз капиталы кейде ірі жобаларды толық қаржыландыруға жетпейді. Ал синдикатталған кредиттеу дәл осындай ауқымды жобаларды бірлесіп қаржыландыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді агенттік басшысы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, алда ең алдымен нарықтық тетіктерді пайдалана отырып, банктердің өз қаражатын іске қосу мақсаты тұр.

Бұл мемлекеттің белгілі бір мөлшерде қосымша қаржыландыруы кредитті арзандатуға көмектеседі. Қолда бар тиімділікті де нақты жобаларға бағыттау қажет. Қазір бұл тізімде кальцийлендірілген сода зауыты бойынша жоба бар, энергетика саласы бойынша да жобалар бар. Жалпы, олар – өңдеу өнеркәсібі мен энергетика саласындағы ірі бастамалар, - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Алайда шын мәнінде синдикатталған кредиттеуді ҚДБ базасында іске қосқанда бірқатар қиындық болғанын да жасырмады.

Ең күрделі мәселе – кепіл құқықтарын анықтау. Яғни кредит берілгенде кепіл мүлкі көрсетіледі, енді сол кепілдің бірінші кезектегі иесі кім болатынын анықтау қажет: Қазақстан даму банкі ме, әлде екінші деңгейлі банктер ме? Былтыр біз заңнамалық базаны толық қалыптастырып, синдикатталған кредиттеуге қатысты барлық ұғымдар мен нормаларды бекіттік. Биыл туындаған мәселелерді ескере отырып, тағы да түзетулер енгіздік. Соның ішінде кепіл ұстаушының басымдығы туралы мәселені шештік. Қазір база дайын, толыққанды жұмыс істейді, - деді агенттік басшысы.

Сондай-ақ, Мәдина Әбілқасымова банктердің өз ақшасы пайдаланылып, нарықтық баға бұрмаланбайтынын атап өтті. 

Белгілі болғандай, осы жобалардың бірқатары елеулі сомаларға мақұлданған. Мұнда банктердің өз ақшасы пайдаланылады, нарықтық баға бұрмаланбайды, жеке капиталды нарықтан ығыстыру болмайды. Сонымен қатар біз ірі жобаларды қаржыландыру міндетін орындаймыз, өйткені мұндай жобаларды банктердің әрқайсысы жеке-дара қаржыландыра алмайды, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы