Қазақстанда баланы отбасынан тартып алуға бола ма

Елімізде баланы отбасынан тартып алуға бола ма? Қаралып жатқан заң жобасында мұндай норма бар-жоғы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Сергей Пономарёв баяндамашы мен Оқу-ағарту министрлігі өкілінен әлеуметтік желілерде заң жобасында баланы отбасынан тартып алу туралы норма жайлы сұрап, халықтың алаңдап жатқанын айтты. Алайда депутат заң жобасын егжей-тегжейлі оқып шыққанын, бірақ баланы тартып алуға қатысты ештеңе таппағанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда баланы отбасынан тартып алуға бола ма? – деп сұрады ол.

Қаралып отырған екі заң жобасында балаларды үйден алып кетуге немесе ювеналды юстицияға байланысты ешқандай норма қарастырылған жоқ ол талқыланған жоқ, қарастырылуы да мүмкін емес. Неге? Өйткені біз балалардың отбасында тәрбиеленіп өскенін қалаймыз. Сонымен қатар алдағы уақытта жетімдер үйі сияқты институттардың біртіндеп жойылуына күш саламыз, - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Ол тағы да баланы отбасынан алып кету мәселесі заңда мүлдем жоқ және ол қарастырылмайтынын қайталап өтті.

Сонымен бірге Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан депутаттың айтқан сөздерімен келісті.

Қаралып жатқан заң жобаларында балаларды отбасынан тартып алу мәселесі жоқ. Мұндай сұрақ министрлікте де қаралып жатқан жоқ. Әлеуметтік желілерде балаларды отбасынан тартып алуға қатысты таралып жатқан ақпарат – фейк. Мемлекеттің саясаты отбасын сақтауға, отбасындағы бала тәрбиесіне бағытталған. Тәрбие, білім, қауіпсіздік мәселелерінде негізгі басымдық әрдайым ата-аналарға беріледі. Ол үшін мемлекет қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп жатыр, - деп айтты вице-министр Мәжілісте.

Бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы