7 Тамыз 2026, 12:27 Фото: ©️BAQ.KZ/жасанды интеллект

Қазақстанда баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетеді?

Сарапшылар қыз бала мен ұл балаға жалпы есепте қанша кететінін есептеген.

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналарды мектепке дайындық шығындары алаңдата бастайды. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша, биыл мектепке қажет негізгі тауарлардың бағасы айтарлықтай жоғарылаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зерттеу барысында Қазақстанда офлайн және онлайн форматта жұмыс істейтін желілік дүкендер («Детский мир», Flip, Sportmaster) мен шетелдік маркетплейстердегі (Ozon, Wildberries) бағалар салыстырылған, деп жазады Ranking.kz.

Нәтижесінде желілік дүкендерде қыз балаға арналған мектеп жиынтығының құны 78 мыңнан 207 мың теңгеге дейін, ал ұл балаға арналған жиынтық 75 мыңнан 205 мың теңгеге дейін жететіні анықталған.

Ал шетелдік маркетплейстерде бағалар одан да жоғары. Мұнда қыз балаға қажетті мектеп тауарларының толық жиынтығы 97 мыңнан 211 мың теңгеге дейін, ал ұл балалар үшін 110 мыңнан 251 мың теңгеге дейін барады.

Сарапшылар сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының деректерін талдап, мектепке қажетті негізгі тауарлардың бағасы қалай өзгергенін зерттеген.

Биыл қаңтар айынан бастап Ұлттық статистика бюросы мектеп формасының бағасына қатысты жеке статистика жариялай бастады. Мәліметтерге сәйкес, мектеп формасы бағасының өсу қарқыны біртіндеп баяулаған. Жыл басында баға индексі 110 пайыз болса, маусым айында 107 пайызға дейін төмендеген.

Дегенмен балалар аяқ киімі ең қымбаттап жатқан санат болып қала береді. Соңғы бір жылда бұл сегменттегі баға индексі тұрақты түрде 112-115 пайыз аралығында сақталған. Бағаның ең жоғары деңгейі 2025 жылдың жаз соңында тіркелген.

Мамандардың айтуынша, бұл мектеп аяқ киіміне сұраныстың маусымдық сипатын көрсетеді. Сондықтан аяқ киім сатып алуды тамыз немесе қыркүйекке қалдыру қаржылық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін.

Кеңсе тауарлары да қымбаттап жатыр, алайда өсім қарқыны салыстырмалы түрде төмен. Соңғы бір жылда бұл тауарлар бойынша баға индексі 103-107 пайыз аралығында өзгеріп отырса, 2026 жылғы маусымда 105 пайыз деңгейінде қалыптасқан.